Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда электр жарығын пайдалану ережелері өзгереді: Жаңа талаптар қашан күшіне енеді

Электроэнергия
Фото: Pexels

Қазақстанда электр жарығына қосылу, есептегіштерді ауыстыру және жарық ақысын есептеу тәртібі өзгереді. Жаңа ережелер қарапайым тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  хабарлайды.

Энергетика министрі 16 қазанда электр энергиясын пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойған. Жаңа талаптар 8 қарашадан бастап күшіне енеді.

Енді электр желісіне жаңадан қосылатын үйлер мен ғимараттарға арнайы рұқсат құжаттарын беру мерзімі нақтыланды. Электрге қосу жұмысы күрделі болмаса, қажетті техникалық құжат бес жұмыс күні ішінде беріледі. Ал күрделі нысандар үшін бұл мерзім он жұмыс күнін құрайды.

Көпқабатты үйлерге қатысты да өзгеріс бар. Бұдан былай электр желісіне қосылуға қажетті техникалық құжаттар әр пәтер иесіне жеке-жеке емес, үйді басқаратын ұйымның өкіліне беріледі.

Электр есептегіштеріне де жаңа талап қойылады. Енді орнатылатын есептегіштер тұрғындардың қанша жарық пайдаланғаны туралы мәліметті электр компаниясына автоматты түрде жіберіп отыруы керек. Жаңадан салынып жатқан немесе жөндеуден өтіп жатқан нысандарға мұндай есептегішті тұтынушы өз қаражатына орнатады. Ал бұрыннан тұрған есептегіштерді ауыстыру шығынын, егер бұл қаражат электр тарифіне енгізілген болса, электр желісіне жауапты компания көтереді.

Сондай-ақ есептегіш бұзылған жағдайда жарық ақысын қалай есептеу керегі де нақтыланды. Егер есептегіш тұрғынның кінәсінен істен шықпаса және оның пломбасы бүтін болса, төлем бұрынғы немесе кейінгі кезеңдегі орташа тәуліктік тұтыну мөлшеріне қарай есептеледі. Мұндай есептеу 30 күннен аспауға тиіс.

Ал бұзылған есептегішті 30 күн ішінде қалпына келтіру қажет. Егер осы уақыт ішінде мәселе шешілмесе, электр компаниясы жарық беруді тоқтата алады. Тұтынушы жазбаша келісім берсе, электр ақысы рұқсат етілген қуат мөлшеріне қарай есептелуі мүмкін. Есептегіш жөнделгеннен немесе ауыстырылғаннан кейін электр компаниясы өтініш түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оған пломба қоюға міндетті. Өтінішті жазбаша да, телефон арқылы да беруге болады.

Жаңа ережеде көпқабатты үйлердің ортақ пайдаланатын электр жарығына да назар аударылған. Мәселен, подъезд, жертөле, аула мен басқа да ортақ орындардың жарығына қанша электр жұмсалғанын үйді басқаратын ұйым бақылауы керек.

Тұрғындар талап етсе, мүлік иелері бірлестігі немесе үй кеңесі ортақ жарыққа кеткен шығынның есебін көрсетуге міндетті. Яғни тұрғындар өздерінен не үшін және қанша ақша жиналып жатқанын сұрап, толық мәлімет ала алады.

Сонымен қатар электр желісіне қосылуға қажетті техникалық құжатты беру және қайта рәсімдеу тегін болады.

Энергетика министрлігінің жаңа бұйрығында электр станцияларын желіге қосу және апат кезінде электр жүйесін басқару тәртібіне де өзгерістер енгізілген. Жаңартылған ережелер 2026 жылғы 8 қарашадан бастап қолданылады.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 30 Қазан, 2026 17:48