Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда газ бен көмір қымбаттайтын болса, электр тарифін де көтеру ұсынылды

энергетика
Фото: newsukraine.rbc.ua

Қазақстандағы энергия өндіруші кәсіпорындар газ бен көмір қымбаттаған сайын тарифтерді де қайта қарауға мүмкіндік беруді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановтың айтуынша, тарифті есептегенде электр станцияларындағы жалақының нақты өсуін де дер кезінде ескеру қажет.

“Өткен жылдың соңында бізге 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тарифті көтеруге мораторий жарияланған еді. Мораторий аяқталды, бірақ станциялардың тарифін тек қыркүйекте қайта қарауға рұқсат берілді. Ал жөндеу жұмыстары, жалақыны индекстеу, шикізат бағасы күтіп тұрмайды. Олардың бәрі қымбаттап жатыр. Биыл кей өңірлерде газ бағасы 65%-ға дейін өсті”, – деді Талғат Темірханов. 

Темірхановтың сөзінше, 2026 жылы тамызда энергетикалық кәсіпорындардың газ үшін берешегі 71,9 миллиард теңгеге жеткен.

“Біз тарифті бүкіл жеткізу тізбегі бойынша қалыптастыру керегін үнемі айтып келеміз. Көмір өндірушілер бағаны көтерсе, газ жеткізушілер де тарифті өсірсе, электр станциясы осы өзгерістерді өз тарифінде ескеріп, шығындарын реттей алуы керек”, – деді қауымдастық төрағасы.

Оның айтуынша, отынның құны, жалақы және тарифке кіретін өзге де шығындар жыл бойы өзгеріп отырады. Алайда жылу электр орталықтарының тарифі жылына бір реттен жиі қайта қаралмайды. Соның салдарынан шығындардың өсуі энергетикалық кәсіпорындардың қаржылық жағдайына бірден әсер етеді.

“Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" жобасы аясында тарифтерді қайта қарау мәселесі шығындар жиналып қалған кезде ғана көтерілмеуі керек. Бұл жоспарланған жұмыстардың орындалмай қалуына әкелуі мүмкін. Сондықтан электр энергиясын өндіру мен жеткізудің бүкіл тізбегі бойынша тариф қалыптастыру тетігін енгізіп, тарифтерді қайта қарау мерзімдерін алдын ала бекіту қажет. Түпкі тариф бәрібір қайта қаралуы керек. Газ бағасы көтеріліп, электр станцияларының тарифі өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Мұны қалай түсінуге болады”, – деді Талғат Темірханов.

Электр желілеріне екі бөліктен тұратын тариф енгізу ұсынылды

Қауымдастық төрағасы электр желілері қызметіне екі құрамдас бөліктен тұратын тариф енгізуді де ұсынды.

Ол Ақмола облысын мысалға келтірді. Оның айтуынша, техникалық шарттар бойынша бөлінген желі қуатының 65%-ы пайдаланылмайды. 

“Желілік компаниялар бос қуатқа қосылуға мүмкіндік беретін техникалық шарттарды беруге міндетті. Алайда тұтынушы өзі үшін белгілі бір қуатты алдын ала бекітіп алғанымен, оны іс жүзінде пайдаланбауы мүмкін. Соның салдарынан экономикаға пайда әкелетін басқа жобалар электр желісіне қосыла алмай қалады”, – деді ол. 

Темірханов ұсынған екі бөлікті тариф электр энергиясын жеткізу ақысы мен қосылған қуат үшін тұрақты абоненттік төлемнен тұрады. Демек тұтынушы өзіне қажет қуатты алдын ала белгілеп, сол көлемге сәйкес ақы төлейді.

Оның айтуынша, бұл ұсыныстар Энергетика министрлігімен талқыланып жатыр.

Шағын жылумен жабдықтау кәсіпорындарына қолдау қажет

Талғат Темірханов шағын жылумен жабдықтау кәсіпорындарын қолдауды күшейту керегін айтты. Оның мәліметінше, Қазақстанда мұндай 245 ұйым бар. Әрқайсысы 50 мыңға дейін абонентке қызмет көрсетеді.

Оның айтуынша, “Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту” жобасы аясында кәсіпорындарға несие түрінде қаржы бөлінеді. Алайда шағын жылумен жабдықтау ұйымдарының қолданыстағы тарифтері несиені өтеуге байланысты шығындарды жабуға жеткіліксіз.

Сондықтан Темірханов әкімдіктерге жылумен жабдықтау нысандарының нақты жағдайын ескеріп, мұндай кәсіпорындарға бюджеттен қаржы бөлуді ұсынды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда электр энергиясының шекті тарифтерін қайта қарау жоспарланып отырғанын жазған едік. Оған электр энергиясын өндіруші ұйымдардан түскен өтініштер себеп болған.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 12:31