Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Германия жаңа технологиялар мен жобаларға арналған су хабын құрмақ

министрлік
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстан мен Германия су саласында технология алмасып, цифрлық шешімдер мен бірлескен жобаларды іске асыруға арналған ортақ су хабын құруды жоспарлап отыр. Жоба екі елдің су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығармақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайке Ренате Пайчпен кездесті. Тараптар су саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Хаб құру туралы ұсыныс Берлинде өткен “Қазақстан Республикасы – Германия Федеративтік Республикасы: жаңа деңгейдегі стратегиялық су серіктестіг” атты дөңгелек үстел барысында таныстырылған.

Кездесуде Қазақстан-Германия су хабын құру мәселесі қаралды. Ол технологиялар алмасуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және пилоттық жобаларды дамытуға арналған ортақ алаң болмақ.

Қазір министрлік Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы хаб тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Құжат су саласында жұмыс істейтін 300-ден астам компанияны біріктіретін German Water Partnership (GWP) қауымдастығына келісуге жіберілді.

министр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Айта кетейік, былтыр қазанда Су ресурстары министрлігі мен GWP су ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған.

“Соңғы жылдары Қазақстан мен Германияның су саласындағы ынтымақтастығы айтарлықтай дамып, нақты сипатқа ие болды. Келесі қадам – жекелеген бастамалар мен пилоттық жобалардан жүйелі әрі ұзақ мерзімді технологиялық серіктестікке көшу. Ортақ су хабын құруды Қазақстан мен Германияның мемлекеттік органдары, бизнесі, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтары өзара тәжірибе алмасып, заманауи технологияларды сынақтан өткізіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын практикалық алаң ретінде қарастырамыз”, – деді министр Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов пен Германия елшісі кадр даярлау және су ресурстарын басқару саласындағы озық тәжірибемен алмасу перспективаларын талқылады.

Кездесуде Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына Германияның технологияларын, инженерлік шешімдері мен сараптамалық тәжірибесін тарту мүмкіндігі де қарастырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болмас үшін оны тұтыну лимиттері бекітілгені туралы жазған едік.

Stan.kz
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 11:26