Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде осы аптада тағы бес өңірде жылу беріледі: Бектенов әкімдерге үндеу жасады

жылу маусымы
Фото: pexels.com

Осы аптада Қазақстанның тағы бес өңірінде жылыту маусымы басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазір Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жылу беріле бастаған.
Қайырхан Тұтқышбаев алдағы күндері жылыту маусымы басталатын өңірлерді де атады.

"Ауа райы көрсеткіштеріне қарай осы аптаның соңына дейін тағы бес өңірде – Астана қаласында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында жылыту маусымын бастаймыз", – деді вице-министр.

Бұған дейін солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымын 1 қазанға дейін бастау жоспарланғаны хабарланған.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, энергия көздерінде 4,9 миллион тонна көмір мен 127 мың тонна мазут қоры жиналған. 17 мың шақырым электр желісіндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталған, тағы төрт қосалқы станцияда жұмыс жалғасып жатыр. Жылу желілерінің дайындығы 99%-ға жеткен. Жоспарланған 377 шақырымның 374 шақырымы дайындалған.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов жылыту маусымы басталғанда алдымен әлеуметтік нысандарға жылу берілуі керек екенін айтты.

"Жекелеген облыстарда жылу беру маусымының санаулы күндері қалды. Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға, балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуі тиіс. Жылыту маусымын уақытылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін қажетті құжаттарды тапсыру мерзімі аяқталуға жақын екенін де ескертті. Құжат тапсыру ертең аяқталады.

"Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауға алуы керек. Үйлестіру жұмыстары Нұрлыбек Нәлібаевта", – деді Үкімет басшысы.

Осыған байланысты жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастап, әлеуметтік нысандарға жылуды бірінші кезекте беру тапсырылды.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 11:02