Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болмас үшін оны тұтыну лимиттері бекітілді

Фото: freepik.com

Үкімет вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерде су тапшылығын болдырмау үшін су тұтыну лимиттерін бекітті. Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарына нақты көлем белгіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрлігі алдағы вегетациялық кезеңге дайындықтың кешенді жоспарын ұсынды.

Министрлік мәліметінше, маусымға дайындық шеңберінде оңтүстік облыстардағы негізгі су қоймаларын толтыру жұмыстарын жүріп жатыр. Қазір онда 23,4 миллиард текше метр су жиналыпты. Ал вегитациялық кезеңді тиімді өткізу үшін еліміздің 5 өңірінде су пайдалану лимиттері белгіленген:

  • Түркістан облысы – 3,8 текше километр;
  • Қызылорда облысы – 3,2 текше километр;
  • Алматы облысы – 2,1 текше километр;
  • Жетісу облысы – 1,8 текше километр;
  • Жамбыл облысы – 1,2 текше километр. 

Сонымен қатар министр еліміздің үш облысында жаңа су қоймалары салынып жатқанын айтты.


“Құбырлардың 77 пайызы тозған”: Президент Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су тапшылығын азайтуды тапсырды


БҰҰ Қазақстанға су тапшылығы туралы ескертті


“Инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Осы жылы 394 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2,2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр. Жаңа жобалар бойынша да жұмыстар жүруде. Инвестиция тарту есебінен Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Ал Көксарай контрреттегішін реконструкциялау және оңтүстіктің бес облысында 103 каналды автоматтандыру жүзеге асырылып жатыр”, – деді министр.

Министр кейінгі екі айда су жинау көрсеткіші де артқанын мәлімдеді. 

“Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде кейінгі 2 айда су жинау динамикасы артты. Қосымша 1,5 миллиард текше метр көлемінде өсім қамтамасыз етілді. Өзен бассейндеріндегі ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Дәл қазір басты міндет бекітілген лимиттерді қатаң сақтау және су үнемдеу технологияларына көшу”, – деді Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының шаруалары су тапшылығына шағымданғаны туралы жазған едік. Олардың айтуынша, картоп, пияз, жоңышқа еккен диқандар бірде-бірі өнім бермеген. Өйткені егіс алқабында су тапшы. Шаруалардың айтуынша, жауаптылар Ақсу өзеніне құятын тау суы арнасын Сайрам ауданына емес, өзге аумаққа бұрған.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 11:09