Қазақстанның төрт өңірінде су тапшылығы сезіледі: Министрлік қандай шара қолданатынын айтты

Биыл Қазақстанның төрт өңірінде су тапшылығы туындауы мүмкін. Атап айтқанда, Сырдария, Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде, яғни Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында су аз болуы ықтимал. Сонымен қатар Алматы облысында да су тапшылығы қаупі төніп тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, былтыр болған қуаңшылық салдарынан көрші елдердегі су қоймаларында су аз жиналды. Сондықтан биыл Сырдария арқылы Қазақстанға келетін су көлемі төмен болуы мүмкін.
“Жазда көрші елдердегі су қоймалары су жинайтын режимде жұмыс істейді. Сондықтан Қазақстанға келетін су көлемі әдеттегі мөлшердің шамамен 70%-ы ғана болады. Соның салдарынан Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы өңірлерде су тапшылығы туындау қаупі артады”, – деді Нұржігітов.
ОқыңызОның айтуынша, дәл осындай жағдай Шу және Талас өзендері бассейндерінде де байқалады. Киров су қоймасы 78%-ға толған. Бұл былтырғыдан 89 миллион текше метрге аз. Ал Орто-Токой су қоймасы 83%-ға толған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 79 миллион текше метрге төмен.
“Осыған байланысты Талас өзенінде су көлемі қалыпты деңгейден төмен болады. Ал Шу өзенінде су мөлшері әдеттегі көлемнің 50-75%-ы шамасында болады. Жалпы вегетациялық кезең бойы бұл өңірлерде су тапшылығы сақталуы мүмкін”, – деді министр.
Сонымен қатар Алматы облысындағы Күрті су қоймасында да су тапшылығы қаупі бар. Қазірі су көлемі 64 миллион текше метр. Бұл былтырғыдан 38 миллион текше метрге аз.
“Шу-Талас бассейніндегі су қоймалары қазір 81% толған. Алайда Қырғызстан аумағындағы Киров және Орто-Токой су қоймаларында су аз жиналғаны алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты 2026 жылға арналған су пайдалану лимиті 1,2 миллиард текше метрден 900 миллион текше метрге дейін қысқартылған”, – деді Нұржігітов.
Министрдің айтуынша, жалпы ішкі су қоймаларындағы жағдай тұрақты. 5 мамырдағы мәлімет бойынша, оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында 26,2 миллиард текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 миллион текше метрге көп.
“Балқаш-Алакөл бассейніндегі су қоймалары 97%, Қапшағай су қоймасы 98% толған. Ал Арал-Сырдария бассейніндегі ірі су қоймалары 87% толып, былтырғыдан 13% жоғары көрсеткіш көрсеткен. Шардара су қоймасы 99% толған”, – деді министр.
Қалыптасқан су жағдайына байланысты Қызылорда облысына егін суаруға 3,2 миллиард текше метр, ал Түркістан облысына 3,8 миллиард текше метр су пайдалану лимиті бекітілді.
Осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов министрлерге тапсырма берді.
Премьер-министрдің айтуынша, Су ресурстары министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, суармалы су тапшылығының алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет.
“Ауыл шаруашылығы саласында су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу керек. Су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландырып, диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандыратын кешенді шаралар іске асырылуы тиіс”, – деді премьер-министр.
Бектенов бірқатар оңтүстік аудандарда фермерлер тарапынан су тапшылығына қатысты шағымдар түсіп жатқанын айты. Сол себепті мұндай мәселелер тұрақты бақылауда болуы керегін жеткізді.
“Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егіс жұмыстарының уақытылы аяқталуын және жазғы егіс науқанының сапалы өтуін қамтамасыз етуі қажет”, – деді ол.
Премьер-министр жалпы үйлестіру жұмысын Серік Жұманғарин жүргізетінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін де еліміздің Оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы болатыны айтылған еді. Су ресурстары министрлігі қандай шара қабылданатынын жеткізген.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?