Атыраудағы ҚТЖ филиалы басшысының кабинетінде "құпия бөлме" табылды (видео)

Атыраудағы "Қазақстан темір жолы" филиалының басшысы Аралбай Қосымбаевтың кабинетінде орналасқан шкаф артынан жасырын бөлме бары белгілі болды. Алайда көпшілік күткендей сән-салтанат емес, қарапайым бөлме ғана шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде соңғы күндері Атыраудағы "Қазақстан темір жолы" филиалының басшысы Аралбай Қосымбаевтың кабинеті қызу талқыға түсті.
Бұған дейін бірнеше блогер оның қабылдау бөлмесіне келіп, басшымен кездесуді талап еткен.
Күте-күте шаршаған олар кабинетке өз бетімен кіріп кеткен. Алайда сол сәтте басшы орнында болмаған. Осы кезде блогерлердің бірі кабинеттегі шкафқа ерекше назар аударып, оны тексермек болады.
Шкаф есігін ашқан кезде оның артында басқа бөлмеге апаратын жасырын есік бары анықталған. Бірақ ол бөлме құлыптаулы болған.
Кейінірек Аралбай Қосымбаев аталған "құпия бөлмені" өзі көрсетіп, арнайы таныстырылым жасаған. Белгілі болғандай, бөлме ішінде тек турник, бос шкаф және санитарлық торап орналасқан.
Осылайша, әлеуметтік желі қолданушылары болжағандай, онда қымбат жиһаздар немесе сән-салтанат белгілері табылмаған.
Дегенмен блогерлер шкафты ашқан сәт пен ресми көрсетілім арасында уақыт өткенін ескерген желі қолданушылары бөлменің бұрын қандай болғаны туралы сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отырғанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Семейдегі "Семей машина жасау зауыты" АҚ директорының кабинетінде шкафтардың артында жасырын бөлмелер бары көрсетілген видео тараған еді. Кадрларда бөлмелердің бірінде бильярд үстелі орналасқаны байқалып, осы жайт қоғамда қызу талқыланған. "Қазақстан инжиниринг" Ұлттық компаниясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, кәсіпорынның 2015 жылдан бері жинақталған шығыны шамамен 1,9 млрд теңгені құрайды, ал кредиторлық берешектің өсуі 3 млрд теңге болады.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?