Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандық ағайынды екі ер адам тұрғын үйде синтетикалық есірткі өндіріп келген

синтетикалық есірткі
Фото: Ішкі істер министрлігі

Түркістан облысының Арыс қаласында полиция жарты тоннаға жуық мефедрон өндірілген есірткі зертханасын әшкереледі. Күдікті ретінде екі ағайынды ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мамыр айының басында жүргізілген жедел және арнайы іс-шаралар нәтижесінде министрлік қызметкерлері Арыс қаласында есірткі зертханасын анықтап, оның жұмысын тоқтатты.

Жедел-іздестіру шаралары барысында қаланың шетінде орналасқан жеке тұрғын үйде екі ағайынды ер адамның синтетикалық есірткіні ірі көлемде заңсыз өндіргені белгілі болды.

Оқиға орнын тінту кезінде жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон мен 1,5 тонна прекурсор тәркіленді. Сонымен қатар реактор, колбалар, магниттік араластырғыш, канистрлер, пластикалық науалар және есірткі дайындауға арналған өзге де құрал-жабдықтар табылған.

Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің сөзінше, күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

"Аталған бап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ есірткі өндірісін ұйымдастыруға бағытталған кез келген әрекетті қатаң түрде тоқтататынын ескертеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр", – деді Елдар Әбдікенов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылданатын азаматтар медициналық тексерістен өтіп, алкоголь мен есірткі қолданбайтынын растауға міндетті болған. Алайда қолданыстағы тәртіп бойынша тексеріс көбіне жұмысқа кірер алдында ғана жүргізілетін. Енді ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерді жыл сайын және тосын форматта тексеру енгізілмек. Бастама мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттыруға, қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтуге және қоғамның билікке деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026 10:07