Алматыда ер адам 15 жастағы қызға тисіп, есірткі ұсынған

Алматыда Сайран көлінің маңында ер адам 15 жастағы қызды өзімен бірге кетуге көндірмек болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы жасөспірімнің анасы Threads желісінде бөлісіп, жазба жариялады. Оның айтуынша, кеше, 7 мамырда таңертең белгісіз ер адам қызына жақындап, өзімен бірге кетуге үгіттеген. Ер адам тіпті жасөспірімге есірткі ұсынып, мақтау сөздер айтып, сеніміне кіруге тырысқан көрінеді.
“Менің 15 жастағы қызым өзін бірге кетуге көндірмек болған ер адамға тап болды. Ол қызға есірткі ұсынған, мақтау сөздер айтты. Қызым айласын тауып, одан қашып құтылды. Бірақ оның орнында кез келген басқа қыз болуы мүмкін еді”, – деп жазды қыздың анасы.
Әйелдің сөзінше, оқиға Сайран көлінің маңында болған. Қыз орындықта отырған кезде ер адам алдымен айналасында жүріп, кейін жанына келіп отырған.
Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
“Ер адамның жеке басы анықталды. Оны ұстауға бағытталған шаралар қабылданып жатыр. Оның әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі”, – деп мәлімдеді Полиция департаменті.
Полиция азаматтарды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға және құқыққа қайшы әрекеттер анықталған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласуға шақырды.
"Адам қағып өлтіру, есірткі мен тәртіпсіздіктер": Қоғамды дүр сілкіндірген шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов қалай жазадан құтылып келді?
Оқыңыз