Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда есірткі қолданатын шенеуніктер әшкереленеді

есірткі
Фото: freepik.com

Сенатта мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер талқыланды. Онда кейбір мемлекеттік қызметкерлерді есірткі және психотроптық заттарға тексеру ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов жыл сайын есірткі заттарының бар-жоғын анықтау тексерісіне екі санаттағы мемлекеттік қызметкер қатысатынын айтты.

“Ең алдымен басшылық лауазымдағы, яғни қарамағында қызметкерлері бар тұлғалар тексеріледі. Сонымен қатар факультативті негізде – қызметтік міндетінің сипатына қарай мемлекеттік орган басшысы анықтайтын қызметкерлер де тексерістен өтуі мүмкін. Мысалы, мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтіндер. Енді жыл сайын есірткіге тексеру жүргізу ұсынылады”, – деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстан Конституциялық соты ұстанымына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтегі кез келген шектеулер мен тыйымдар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін күшейтуге бағытталуға тиіс. Сонымен қатар мұндай талаптар құқықбұзушылықтардың алдын алуға қызмет етуі қажет.

“Мемлекеттік қызметте мінсіз бедел мен тазалықты қамтамасыз ету мәселелері заңды әрі негізделген мақсаттардан туындайды”, – деді Мүксімов.

Тексеріс қалай өтеді?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов тексеріс техникалық тұрғыда қалай өтетінін түсіндірді. 

Тексеріс алдын ала жоспарланбайды, мемлекеттік қызметкерлер оның нақты қашан өтетінін білмейді. 

Мүксімовтың айтуынша, басшы шешім қабылдаған сәттен бастап қызметкерге талдау тапсыру үшін небәрі 48 сағат беріледі.

“Мемлекеттік қызметкер есірткіге тексерістің қай күні өтетінін алдын ала білмейді. Мысалы, 18 наурызда тексеріс өтеді деп дайындалу мүмкіндігі жоқ. Негізгі ерекшелік – тосыннан келіп тексеру. Басшы шешім қабылдаған сәттен бастап қызметкер 48 сағат ішінде есірткіге тексерістен өтуі тиіс”, – деді Мүксімов. 

Кімдер тексеріледі?

Бұл талап биліктің барлық деңгейіне қатысты. Міндетті тексерістен өтетін "басшы құрамына" қарамағында қызметкерлері бар жетекшілер кіреді. Олардың қатарында барлық деңгейдегі әкімдер мен министрлер бар.

Ал қатардағы қызметкерлер белгілі жағдайларда ғана тексерілуі мүмкін. Мысалы, егер олардың жұмысы мемлекеттік құпиялармен немесе маңызды ақпаратпен байланысты болса.

Бағасы мен салдары

Есірткіге тексерістен өтудің шығынын мемлекеттік қызметкерлер өз қаражаты есебінен төлейді. Оның орнына оларға бір күндік ақылы демалыс беріледі.

Медициналық тексерістен бас тарту кінәні мойындаумен тең. 

“Алғаш рет заңда есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды қолдану мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекет ретінде қарастырылып отыр. Бұл жұмыстан босатуға негіз болады. Егер қызметкер тексерістен өтуден бас тартса, оның мемлекеттік қызметі тоқтатылады”, – деді агенттік төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер алкоголь мен есірткі қолданбағанын медициналық тексеру арқылы дәлелдейтінін жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 12:08