Енді мемлекеттік қызметкерлер алкоголь мен есірткі қолданбағанын медициналық тексеру арқылы дәлелдейді

Фото: Daniel Chetroni/Getty Images
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге алкоголь мен есірткіге қатысты медициналық куәландыру енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаттары “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” заңды екінші оқылымда қабылдады. Аталған заң аясында мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылықтардың тізбесі кеңейтіледі.
Заңда тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімі жасалған теріс қылықтың ауырлығына және тұлғаның кінә дәрежесіне қарай белгіленеді. Оған сәйкес жаща екі айдан алты айға дейін сараланады. Сонымен қатар оларды мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігі де қарастырылған.
"Басшылықтың қас-қабағына қарайды": Депутат мемлекеттік қызметкерлерге билікке емес, халыққа қызмет ету керегін айтты
ОқыңызҚұжатта мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекеттер заңнамалық түрде айқындалады. Оның ішінде қызметтік міндеттермен байланысты болмаса да, мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін іс-әрекеттер қамтылады.
“Олардың қатарына медициналық емес мақсатта есірткі және психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын қолдану жатады. Сонымен қатар алкогольдік, есірткілік немесе уыттық масаң күйде көлік жүргізу де осы тізімге кіреді. Осыған байланысты мемлекеттік қызметкерлерді медициналық куәландыруға қатысты талаптар енгізіледі”, – делінген заңда.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлерді олардың келісімінсіз оқу демалысынан кері шақырту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасаған немесе қызметтік әдеп нормаларын бұзған жағдайда қолданылады. Мұндайда тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін қажет.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуын шектеу міндеті жүктеледі.
Айта кетейік, бұған дейін Жүкті әйелдерге және науқас отбасы мүшелеріне күтім жасайтын мемлекеттік қызметшілерге толық емес жұмыс күні белгіленетіні туралы жазған едік.
Алматылық ата-ана егіз ұлдарын өлтіріп, мәйітін бес күн бойы тоңазытқышта сақтаған: 10 жыл бұрынғы қанды қылмыс қалай орын алды