Ресейдегі соғыс жүріп жатқан аймақтан қазақстандықтар қайтарылатыны туралы ақпарат тарады: Министрлік мәлімдеме жасады
Ресейге жұмыс істеуге барған 21 қазақстандықтың соғыс аймағына өтіп кеткені белгілі болды. Олардың 14-і Сыртқы істер министрлігінің араласуынан кейін соғыс аумағынан шығарылып, үйіне қайтатыны туралы ақпарат тарады. Алайда сыртқы істер министрі мұны жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны әуелі Threads парақшасында журналист Жомарт Түзелбай мәлімдеді. Оған бұл ақпаратты Whats’App платформасы арқылы хабарлаған.
“Сүйінші, қазақ елі! Ресейге жұмыс істеуге барып, соғыстан бір-ақ шыққан отандастарымыз оралатын болды. Сыртқы Істер министрлігі іске көшіпті. Ата-аналар осыған дейін жиналып, 21 баланың тізімін өткізген еді. Соның 14-ін бүгін соғыс аумағынан алып кетеді екен. Өзге жігіттерді де құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Бозбалалар еліне, отбасына аман-есен қайтуын тілейік”, – деп жазды ол.
Осы іске көмектесіп жүрген заңгер Мейірман Шекеев те 14 азаматтың елге жеткізілетінін растады.
“Бүгін алғашқы 14 бала Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізілетін болды. Қуанышты хабар жалғасын таба берсін”, – деп жазды ол.
Қазір қалған азаматтарды да қауіпсіз жерге шығару жұмыстары жалғасып жатыр екен.
Министрлік жоққа шығарды...
Десе де Сыртқы істер министрлігі заңгер мен журналист таратқан ақпаратты растамады.
“Әлеуметтік желіде 14 қазақстандық бүгін қақтығыс аумағынан Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізіледі деген расталмаған мәлімет тарап жатыр. Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді. Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс”, – делінген жауапта.
Оған қоса министрлік мұндай ақпарат жақынын күтіп отырған отбасыға жалған үміт тудыратынын айтты.
“Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады. Негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін. Министрлік Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысын жалғастырып келеді. Мәселе тұрақты бақылауда. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы Сыртқы істер министрлігі қосымша хабарлайды”, – делінген жауапта.
Сонымен қатар министрлік азаматтар мен БАҚ өкілдерінен тек ресми дереккөздерге сүйенуді сұрады.
Бұл істің мән-жайы қандай?
Еске салайық, бұған дейін осы жағдайға тап болған Айнабек есімді жігіттің туыстары да көмек сұраған еді. Отбасының айтуынша, ол Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге кеткен. Алайда кейін Луганск аумағына жеткізілген. Анасы Айнабектің орыс тілін нашар түсінетінін және қол қойған құжаттарының мазмұнын толық ұқпағанын айтқан. Туыстары оның бастапқыда күзет агенттігіне жұмысқа орналасып жатырмын деп ойлағанын жеткізген.
"Айналадағылардың қабағына қарауға мәжбүрміз": Қазақстандық ата-аналар қоғамдық орындардағы балаларға деген қарым-қатынасқа наразы