Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?

Рейстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Рейхстагқа Жеңіс туын алғаш кім тіккені туралы жарты ғасырға созылған дауға Stan.kz нақты жауап іздеді. Белгілі тарихшы Болат Сайлан мен деректанушы Ақмарал Баталова архив құжаттарын негізге ала отырып, 1945 жылғы 30 сәуірде рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов екенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, тарихи шындық кейін байланыс әлсіздігі мен кеңестік насихаттың әсерінен бұрмаланған.

Рейхстаг – Германия астанасы Берлинде орналасқан тарихи парламент ғимараты. XIX ғасырдың соңында салынған (1894 жылы аяқталған), онда Германия империясының, кейін Веймар республикасының және белгілі бір кезеңде фашистік Германияның да саяси құрылымдарына қатысты мемлекеттік талқылаулар өткен. Яғни Рейхстаг – Германияның заң шығарушы органы отырған символдық орталық.

Неге Рейхстаг маңызды болды?

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Рейхстаг тек жай ғимарат емес, нацистік Германияның саяси билігінің символы ретінде қабылданды. Берлиннің ортасында орналасқан бұл ғимаратты алу – Германия астанасының толық құлауын білдіретін ең маңызды белгі саналды.

1945 жылы сәуір–мамыр айларында Берлин үшін шешуші шайқас жүрді. Кеңес армиясы қалаға кіріп, нацистік Германияның соңғы қорғанысын бұзды. Сол кезде:

  • Рейхстагқа ту тігу – Берлиннің алынғанын көрсету
  • әрі символдық түрде – фашистік Германияның жеңілгенін білдіру үшін жасалды.

Яғни ту тігудің әскери мағынасы ғана емес, идеологиялық және символдық мәні өте күшті болды. Сол себепті бұл оқиға кейін “Жеңіс туы” деген атаумен бүкіл соғыстың аяқталуын бейнелейтін тарихи белгіге айналды.

Рейхстагқа бір ғана ту емес, бірнеше әскери топ әртүрлі уақытта бірнеше ту орнатқан. Бірақ кейін кеңестік ресми тарихта бір ғана “негізгі ту” таңдалып, ол символ ретінде бекітілді. 

“Жеңісті де"дұрыс" ұлт өкілдері жасауы тиіс еді”

Профессор Болат Сайлан осы тарихи бұрмалауды ашып айтады. Сол заманда орыс ұлтының өкілі кеңестік қоғамды жоғары бағаланды. Себебі алғашқы жаңалық ашқандар, ерлікті жасағандарды солардың аттарымен жариялау дәстүрге айналды. 

“Кеңестік заманда жеңісті "дұрыс" ұлт өкілдері жасауы тиіс еді. Сталиннің қаһарынан қорыққан қолбасшылар Қошқарбаев пен Булатов ерлігін жоққа шығарды. Орыс ұлтының өкілі мен грузин жауынгері Егоров пен Кантария бүкіл әлемге паш етіп жіберді. Кантарияның суретке түсуі, оның туды тіккені, кинокадрларға түсуі 2 мамырда болған. Ал Қошқарбаевтың және басқалардың еңбегінде Булатов екеуінің жеңіс туын алғашқы болып қадағандары тайға таңба басқандай етіп жазылған", – деді профессор Болат Сайлан.
Қошқарбаев пен Булатов
Фото: Қорғаныс министрлігі

Болат Сайланның айтуынша, соғыс уақытында Кеңес Одағаның Батыры атағы берілмей жатып, кей адамдарың аты-жөні алдын ала ұсынылған екен. Сол кезде атақ бес адамға берілді. Алайда Рахымжан Қошқарбаевтың аты-жөні ысырылып тастады. Неустроев, Давыдов, Егоров, Кантария және тағы бір жауынгердің аты жазылды дейді тарихшы.

“27 қазақстандық жауынгер Берлин операциясы үшін Кеңес Одағы Батыры атағын алды. Рахымжан Қошқарбаев солардың арасында болмады. Рейхстагқа алғашқы туды тіккен адамның Алтын Жұлдызы жоқ болып шықты”, – дейді Болат Сайлан.

Архив Рахымжан Қошқарбаев туралы
Фото: "Воин Родины" газетінен

Тарихшының пікірінше, атақтың уақытында берілмеуінің тағы бір себебі бар.

“Сол кезде рейстаг үшін екі батальон шайқасқа түсті. Батальон командирлеріне де байланысты болды. Неустроев пен Давыдов басқарған батальондар осы шайқасқа қатысты. Бірақ Қошқарбаевтың тікелей командирінің мінезі басқа батальон басшысына қарағанда айлакерлігі аз, бірбеткей адам болған. Мүмкін Қошқарбаевты атақ тізіміне кіргізе алмағанда болуы мүмкін. Әсіресе, кеңестік саясаттың осы жерде бұрмаланғаны көріп тұр", – деді профессор Болат Сайлан.

Тарихшы Болат Сайланның сөзінше, бұл мәселе Мұхтар Құл-Мұхаммед зерттеулерінде де жан-жақты қарастырылған. Архив құжаттарына сенсек, Рейхстагқа ту тіккендерге қатысты Кеңес Одағы Батыры атағына ұсыныстар көп болғанымен, бастапқы кезеңде нақты шешім қабылданбаған.

"Мұхтар Құл-Мұхаммедтің зерттеулерінде көрсетілгендей, Жеңіс туын тіккендер бойынша Жуковтың қарауына екі оннан астам ұсыныс түскен. Осыған байланысты ол әр жауынгердің үлесін жеке анықтамайынша, ешкімге Батыр атағын бермеу туралы шешім қабылдаған. Соның нәтижесінде барлық ұсынылғандар тек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Кейін, 1946 жылы ғана батальон командирлері мен жекелеген жауынгерлерге Батыр атағы беріліп, ал Қошқарбаев пен Булатов болған Сорокин тобы бұл тізімнен тыс қалып қойды", – дейді тарихшы Болат Сайлан.
Рахымжан туралы архивтен
Фото: Тарихшы Болат Сайланның жеке архивінен

“Ақиқат бәрін жеңеді, бірақ 50 жыл кешігіп жүреді" дейді тарихшы Болат Сайлан Бауыржан Момышұлының сөзін еске алып. Соғыс бітсе де, отандасымыздың ерлігі туралы бірнеше тарихи және ғылыми еңбектер жарияланған екен. 

"Оның ең алғаш болып 1953 жылы, ұмытпасам, 21 ақпанда Кәкімжан Қазыбаев "Рейстагха ту тіккен алғашқы қазақ" туралы материалын жариялады. Бұл Бауыржан Момышұлының тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілген ізденістің жемісі еді. Бұған автор көп еңбектеніп, ақпарат жинады. Кейін ол өзі жасы келген соң жазушы-журналист Жанболат Ауыппай жалғастырды. Одан кейін тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Құлмұхамет те рейхстагқа алғашқы туды тіккен қазақ жауынгері туралы іргелі зерттеулер жариялады”, – дейді Болат Сайлан.

Тарихшының айтуынша, жүргізілген барлық зерттеулер мен архив деректері бір қорытындыға келтіреді: Рахымжан Қошқарбаев 1945 жылғы 30 сәуір күні рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен.

“Бұл тарихи шындық мұрағат деректерімен толығымен расталған. Сондықтан бұған ешкімнің таласы да жоқ, болмау да керек. 2007 жылы шындық ресми түрде мойындалды. Ресей де, халықаралық тарих қоғамдастығы да мұрағат деректеріне сене отырып, Рахымжан Қошқарбаевтың 30 сәуір күні алғашқы туды тіккенін растады. Кеңес Одағы Батыры атағы тізімінен сыртқа шығып қалған Рахымжан Қошқарбаев 1999 жылы Қазақстанның ең жоғары атағы "Халық Қаһарманы" атағына ие болды. Жақында Айбын орденінің үшінші дәрежесі де оның атымен аталатын болды, тиісті жарлық жарияланды”, – дейді тарихшы Болат Сайлан.
Архивтен Рахымжан Қошқарбаев туралы
Фото: Қорғаныс министрлігі

Айта кетейік, 2022 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне қатысты Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігіне байланысты бірегей тарихи құжаттар Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи музейінің қорына тапсырылды. Құжаттар Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен алынған. Материалдарды деректанушы, сарапшы Ақмарал Баталова жеткізген.

“Суреттердің өзі насихат талаптарына сай өңделгені де жасырын емес”

Деректанушы, сарапшы Ақмарал Баталова Рейхстагқа ту тігу оқиғасына қатысты деректердің әртүрлі берілуін сол кездегі техникалық және әскери жағдаймен байланыстырады. Оның айтуынша, майдан даласында ақпарат бірден жетпеген, байланыс құралдары шектеулі болған. Ал әр командир өз нәтижесін тезірек жеткізуге тырысқан. Соған қарамастан, архивтік баянаттарда Қошқарбаев пен Булатовтың есімдері нақты көрсетілген.

"Сол кезеңдегі байланыс құралдары қазіргімен салыстыруға келмейді. Ақпарат сымды байланыс, шифрограммалар арқылы жеткізілді, кей жағдайда бұрмаланып немесе кешігіп жетті. Соған қарамастан, 30 сәуір күні полк штабы жолдаған донесениеде Рейхстагқа туды алғаш болып кіші лейтенант Қошқарбаев пен жауынгер Булатов тіккені нақты көрсетілген. Бұл мәлімет сол күні-ақ Кеңес информбюросының ресми хабарламасына еніп, бүкіл әлемге тараған", – дейді Ақмарал Баталова.
Егоров пен Кантария
Фото: РИА "Новости / Сержант Егоров пен кіші сержант Кантария лейтенант Бересттің басшылығымен 150-інші атқыштар дивизиясының туын Рейхстагтың төбесіне тіккен сәтінен

Ақмарал Баталова Рейхстагтағы Жеңіс туының алғашқы фотосуреттері де күрделі жағдайда түсірілгенін де айтады.

"Шайқас аяқталғаннан кейін Рейхстаг үстінде түрлі тулар пайда бола бастады. Солардың бірін 1945 жылғы 1 мамыр күні “Правда” газетінің фототілшісі Темин ұшақтан түсірген. Архив деректерінде көрсетілгендей, ұшқыш Рейхстаг маңынан әрең ұшып өтіп, қызыл туды ғана түсіріп үлгерген. Кейін бұл сурет Мәскеуге ұшақпен жеткізіліп, 3 мамыр күні газетте жарияланған", – дейді Ақмарал Баталова.

Алайда жарияланған суреттердің өзі сол кезеңдегі насихат талаптарына сай өңделгені де жасырын емес.

"Газетте жарияланған нұсқада ту үлкейтіліп көрсетілген. Мұны фототілші Теминнің өзі де растаған. Себебі сол кезде визуалды әсер арқылы жеңісті көрсету маңызды болды. Жалпы, Рейхстагтың үстінде әртүрлі көлемдегі ондаған ту болған. Тіпті кейін одақтастарға берілген кезде ғимаратта қырыққа жуық ту ілінгені айтылады", — дейді Ақмарал Баталова.

Соған қарамастан, сарапшы архивтік құжаттарда нақты есімдер мен деректер анық көрсетілгенін атап өтеді.

"Дегенмен, полк штабы жіберген ресми баянатта нақты көрсетілген. Рейхстаг ғимаратына туды алғаш болып лейтенант Қошқарбаев пен барлаушы Булатов тіккен. Сонымен бірге Сорокин басқарған барлау тобының басқа жауынгерлерінің (Лысенко, Проворотов, Орешко, Габидуллин, Пачковский, Брюховецкий де) ерлігі аталады. Ең маңыздысы, осы ақпарат 1945 жылғы 30 сәуір күні Кеңес информбюросының ресми хабарламасына енгізіліп, сағат 14:00-де Рейхстагқа Жеңіс туы тігілгені бүкіл әлемге жарияланды. Яғни, бұл дерек тек ішкі құжаттарда ғана емес, халықаралық деңгейде де таралған тарихи факт ретінде саналады", — дейді Ақмарал Баталова.

Рейхстагқа ту тіккен басқа әскери топтар

Берлин шайқасының соңғы кезеңі бейберекет жағдайда өтті. Бірнеше әскери бөлім бір уақытта Рейхстагқа жетіп, әртүрлі нүктелерге ту орнатқан. 

Тарихи деректерде Рейхстагқа ту орнатуға қатысқан негізгі топтар ретінде:

  • Михаил Егоров пен Мелитон Кантария тобы (ресми кеңестік нұсқа),
  • Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тобы (алғашқы жеткендердің бірі ретінде архивте аталады),
  • Сорокин басқарған барлау тобы және оның құрамындағы бірнеше жауынгерлер,
  • әртүрлі атқыштар және шабуылдаушы бөлімшелер көрсетіледі.

Бұл жағдай бір ғимарат үшін бірнеше бір мезеттегі шабуыл болғанын, әрі әртүрлі деңгейдегі әскери топтардың бір уақытта әрекет еткенін дәлелдейді.

Ресми нұсқа қалай қалыптасты

Кеңестік тарихнамада кейіннен Мелитон Кантария мен Михаил Егоровтың есімдері негізгі символ ретінде бекітілді. Олар Рейхстаг үстінде көтерілген басты Жеңіс туымен байланыстырылып, бүкіл әлемге жеңістің бейнесі ретінде көрсетілді.

Бұл шешімнің қалыптасуына:

  • әскери басшылықтың іріктеуі,
  • ресми фотодеректер,
  • үгіт-насихат қажеттілігі,
  • соғыстан кейінгі марапаттау саясаты әсер еткен.
Stan.kz
Сенбі, 09 Мамыр, 2026 10:00