Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзін өлтірмек болғанын қайталай берді": Оралда тірідей өртеніп кеткен баланың анасы істің тоқтағанына наразы

Оралда өртеніп кеткен баланың ісі
Фото: Мой город

Оралда 8 жастағы Артемнің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Денесінің 96 пайызы күйіп, көз жұмған баланың анасы тергеудің дұрыс жүргізілмегенін айтып, дәлелдердің көп бөлігін отбасының өзі жинағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға 2025 жылғы 10 тамызда Қонаев көшесі, 55 мекенжайындағы көпқабатты үйдің ауласында болған. Сол кезде 8 жастағы Артем жазғы демалысын өткізу үшін Оралдағы әжесінің үйіне келген.

Қайғылы оқиға болған күні Артем әжесіне: "Маған ештеңе болмайды", – деп, соңынан ермеуін өтінген. Алайда арада бірнеше сағат өткен соң оны үйге денесінің басым бөлігі күйіп кеткен күйде алып келген. Баланың анасы Мұхаббат Пардаеваның айтуынша, Артем есін жоғалтпаған, қойылған сұрақтарға жауап берген. Бірақ оны кім өртегенін нақты айта алмай, тек өзін өлтірмек болғандарын қайталай берген. Дәрігерлер оның денесінің 96 пайызы зақымданғанын анықтаған.

Кейін белгілі болғандай, бұл іс бойынша тергеу тоқтатылған. Мұхаббат Пардаева ұлының өліміне қатысты істің қалай қаралғаны туралы айтып, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін сынға алды. 

Әйелдің айтуынша, қылмыстық іс 2026 жылдың ақпан айында-ақ жабылған. Ал Орал полициясы дәлелдерді жинау жұмыстарына тиісті деңгейде көңіл бөлмеген. Сол себепті тергеу материалдарының едәуір бөлігін анасының өзі жинауға мәжбүр болған. Ол мектеп пен жақын маңдағы дүкеннің бейнебақылау камераларындағы жазбаларды өз күшімен алған.

Үй кіреберісіндегі камера жазбаларды небәрі жеті күн сақтағандықтан. Полицияның кеш әрекет етуі салдарынан маңызды уақыт жоғалған. Отбасына тек үзінді кадрлар көрсетілген. Ал оқиғаның негізгі сәттері жазбада болмаған.

Бала тірідей жанып кеткен орыннан толық бейнематериалдар да алынбаған. Ата-анасының шағымдарына қарамастан, құзырлы органдар нақты нәтиже көрсетпегенін айтады.

“Іс бойынша нақты жұмыс жүргізілмеді. Бізге бейнежазбалардың тек жекелеген бөліктері ғана көрсетілді. Ал ең маңызды кадрлар болмады. Меніңше, Орал полициясы бұл істі тиісті деңгейде тергемеді. Ата-ана ретінде біздің шағымдарымыз бен талаптарымызға жеткілікті көңіл бөлінбеді”, – дейді Артемнің анасы.

Отбасы үшін тағы бір ауыр жайт – оқиғаға қатысы бар адамдардың жауапқа тартылмауы. Анасының айтуынша, қайғылы жағдайға кәмелетке толмағандар қатысқан.

“Бұл іске кәмелетке толмаған балалардың қатысы болды. Сондықтан оларға қатысты ешқандай жаза қолданылмады. Кінәлілердің жауапкершіліктен құтылғанын қабылдау әлі де қиын. Ең болмаса кешірім сұрап келген ешкім болған жоқ”, – дейді Мұхаббат Пардаева.

Заңды жолмен әділдікке қол жеткізу әрекеттері нәтиже бермеген соң, баланың әкесі кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды сұрап видеоүндеу жариялаған. Алайда бұл әрекеттен кейін оның өзіне қатысты полицияға арыздар түскен. Отбасы адвокат жалдап, ешқандай қоқан-лоқы жасамағандарын дәлелдеуге мәжбүр болған.

“Барлығы өзімізге қарсы бұрылды. Жолдасымның ешкімге қауіп төндірмегенін дәлелдеуге тура келді. Бұл қайғы ешқашан ұмытылмайтын шығар. Артемнің әжесі де осы естеліктерге байланысты Оралда тұра алмады, көп ұзамай басқа қалаға көшіп кетті”, – дейді ол.

Қазір ата-анасы Оралға тек ұлдарының қабіріне зиярат ету үшін ғана келеді.

Ал Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, іс бойынша барлық қажетті сараптамалар жүргізілген. Тергеу нәтижесінде қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес тоқтатылған. Ведомствоның түсіндіруінше, әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан осындай шешім қабылданған.

Stan.kz
Сенбі, 30 Мамыр, 2026 08:55