"Күдікті 9-сынып оқитын қыз": Түркістан облысында елсіз жерден ер адамның мәйіті табылды

Түркістан облысында елсіз жерден ер адамның мәйіті табылды. Қанды оқиға Төлеби ауданының Ленгір қаласында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
24 мамыр күні қаладағы қараусыз қалған ғимараттан жасы жиырмадан асқан жігіттің мәйіті табылды. Түскі екілер шамасында денені сол маңдағы күзетші көріп, хабарлаған екен.
Сұмдығы сол Шымкент қаласының тұрғынын пышақтап өлтірді деп күдікке ілінген қаршадай қыз. 9-сыныпты енді аяқтаған оқушы Төлеби ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №16 мектептің шәкірті.
Түркістан облыстық полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
Күдікті – 9-сынып оқушысы. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізілуде. Өзге ақпарат жариялауға жатпайды", – делінген полиция хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда із-түссіз жоғалған жігіттің мәйіті табылғанын жазғанбыз. 25 жастағы Ерзат Егінбай 19 мамыр күні жұмысқа шығып, содан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен. Оны полиция қызметкерлері мен еріктілер іздестірді.
Оқыңыз