Адамдардың ұзақ уақыт тұра алады: NASA Айда база салу жобасын бастады

Америкалық ғарыш агенттігі NASA Айда база салуға арналған ауқымды Moon Base бағдарламасын іске қосатынын мәлімдеді. Жаңа жоба бұған дейін тоқтатылған Gateway станциясының орнын алмастырмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sky & Telescope порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоспар Жердің серігін кезең-кезеңімен игеруді көздейді. 2026 жылы NASA Ай бетіне алғашқы миссияларды жіберіп, қону технологияларын сынап, болашақ инфрақұрылымды дайындауға кіріседі. Болашақта агенттік Айда адамдардың ұзақ уақыт тұрақты болуын қамтамасыз етпек.
Бастапқы кезеңде NASA ай роверлері, қону модульдері мен зерттеу дрондарын жасауға 700 миллион доллардан астам қаржы бағыттайды. Жобаның жалпы құны 20 миллиард доллардан асуы мүмкін.
Негізгі мердігерлер қатарында Blue Origin, Astrolab, Lunar Outpost және Firefly Aerospace компаниялары бар. Соңғысы Artemis бағдарламасы аясында астронавттар қонғанға дейін Ай бетінің дәл картасын жасау үшін арнайы дрондарды жеткізбек.
Болашақ база Айдың оңтүстік полюсінде орналасады деп жоспарланған. Ғалымдардың пікірінше, бұл аймақта су мұзының қоры болуы мүмкін. Сарапшылар жобаны жүзеге асыру көптеген техникалық қиындықтарды талап ететінін және АҚШ пен Қытай арасындағы жаңа ғарыштық бәсекенің бір бөлігіне айналуы ықтимал екенін айтады.
Оқыңыз