Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі "Павлодар жылу желілері" мемлекет меншігіне берілді

Павлодарэнерго АҚ
Фото: Фото: pavlodarenergo.kz

Олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Кан бақылауында болған "Павлодарэнерго" АҚ-ға қарасты “Павлодар жылу желілері” мемлекеттің меншігіне өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Павлодар жылу желілері” ресми түрде қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне өткені хабарланды.

"Павлодар жылу желілері" ЖШС-ның активтерін беру туралы шешімді "Павлодарэнерго" АҚ басшылығы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қабылдады. Стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысанын беру жылумен қамту жүйесін басқарудың тиімділігін арттыруға және жылыту маусымдарын сенімді өткізуге бағытталған. Активтерді беру рәсімі мемлекет пен табиғи монополия субъектісінің тұрғындар мүддесіндегі ұзақ мерзімді және тиімді өзара іс-қимыл бағытын бекітті. Қабылданған шешімдердің басты мақсаты – қала тұрғындарын тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету, сондай-ақ қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау", – делінген Павлодар әкімдігінің хабарламасында. 

Кәсіпорынның бүкіл еңбек ұжымы жаңа форматта жұмысын жалғастырады. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, жұмыс орындарын сақтау, кәсіби құрамды және қызметкерлердің барлық еңбек құқықтарын қорғау – кәсіпорынды беру кезіндегі негізгі шарттардың бірі.

Мәміле 2026 жылдың қаңтар айының соңында жасалған. Компанияның жаңа иесі болып Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі белгіленді. Бұған дейін жылу желілері "Павлодарэнерго" АҚ компаниясы арқылы "Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы" АҚ (ОАОЭК) тиесілі болған.

"Павлодар жылу желілері" кәсіпорны Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы тұтынушыларды жылу энергиясымен қамтамасыз ету және оны тарату қызметімен айналысады.

Бұл соңғы жылдардағы мұндай алғашқы жағдай емес. 2024 жылы ОАОЭК құрылымдары Екібастұздағы "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС мүлкін мемлекетке өтеусіз берді. Бұл 2022 жылдың қарашасында Екібастұз ЖЭО-дағы апаттан кейін болған. Мүліктің жалпы құны 5,34 млрд теңге деп бағаланғанымен, ОАОЭК компанияның 100% акциясын 200 мың теңгеге өткізген.

Сонымен қатар, 2025 жылы корпорация Петропавл қаласы билігіне "Петропавл жылу желілері" ЖШС-дегі 100% үлесті беруді жоспарлаған. Жылу желілерін беру туралы ақпарат алғаш рет ОАОЭК-тің 2024 жылғы қаржылық есебінде жарияланған. 2026 жылдың мамыр айының соңындағы жағдай бойынша, ашық дереккөздерде бұл мәміленің нақты жүзеге асқаны туралы ақпарат жоқ.

ОАОЭК-тің бақылау пакетін кәсіпкерлер Сергей Кан мен Александр Клебанов иеленеді. 2024 жылдың соңындағы дерек бойынша, әрқайсысына компанияның 47,1% үлесі тиесілі болған. Сондай-ақ акционерлер қатарында KIF Energy S.A.R.L. (4,02%) және "ОАОЭК" АҚ (1,78%) бар. Ашық дереккөздерде бұдан кейінгі өзекті деректер жоқ. 

Еске салсақ, осыған дейін Олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Кан Петропавлдың тозған жылу желілерін мемлекетке беруді жоспарлап отырғанын жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Жұма, 29 Мамыр, 2026 21:49