Астанада LRT 16-17 мамырда іске қосылады

City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесі (LRT) алдағы демалыс күндері 16-17 мамырда жолаушыларға қызмет көрсете бастайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, LRT желісінің ресми ашылуы дәл осы демалыс күндеріне жоспарланған. Қазір жоба соңғы дайындық кезеңінде пойыздар сынақтан өтіп, қауіпсіздік жүйелері тексеріліп, инфрақұрылым толық реттелген.
Айта кетейік, LRT жүйесінің сынақтық пайдалануы 2025 жылғы 29 қыркүйекте басталған еді. Осы кезеңде барлық техникалық және қауіпсіздік талаптары пысықталды.
Жаңа көлік жүйесінде пойыздардың жылдамдығы сағатына 40-50 шақырымды құрайды. Ал "Нұрлы жол" теміржол вокзалынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минутқа созылады. Қозғалыс аралығы учаскеге байланысты 5-10 минут болады.
LRT желісі елорданың негізгі нысандарын байланыстырады. Бағыт Астана халықаралық әуежайы аумағынан басталып, Нұрлы жол вокзалы дейін жалғасады. Жалпы ұзындығы бойынша 18 станция қарастырылған.
ОқыңызЖоба аясында "Әуежай", "Атамекен", "Есіл", "Мәңгілік ел", "Астана жұлдызы", "Нұра", "Университет", "Ұлы дала", "Астана Арена", "Жекпе-жек сарайы", "Сығанақ", "Бәйтерек", "Министрліктер үйі", "Ұлттық музей", "Театр", "Мыңжылдық аллеясы", "Жібек жолы" және "Нұрлы жол" станциялар жұмыс істейді.
Алдағы уақытта LRT желісін Қосшы қаласына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде екінші кезеңнің құрылысы басталып, жаңа эстакадаға алғашқы темірбетон арқалығы құйылды.
Еске салайық, бұған дейін LRT жүйесі әлі толық іске қосылмаса да, желі тіректерінің бояуы қабыршақтанып, түсе бастағаны туралы жазған едік. Жағдайға қатысты City Transportation Systems компаниясы түсініктіме беріп, бояу жұмыстары әлі аяқталмағанын хабарлаған еді. Threads қолданушысы Астанадағы LRT құрылысының жағдайына шағымданды. Жазба авторының айтуынша, жүйе әлі іске қосылмағанына қарамастан, нысаннан бояу түсіп жатыр.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?