Сот Аян Дүйсековке қысым жасалғанын және оны қызметтік пәтерден шығару әрекетін жоққа шығарды
Ақмола облысының соты Көкшетауда қайтыс болған сот қызметкері Аян Дүйсековтың туыстарының қызметтік пәтерден қуылуын жоққа шығарып, түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nege.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін марқұм Аян Дүйсековтің туыстары оның соңғы айларда жұмыста моральдық және психологиялық қысымға тап болғанын, әділетсіз тәртіптік жазаға тартылғанын және қызметтік пәтерінен айырылуы мүмкін екенін айтқан.
Ақмола облыстық соты бұл мәліметтерді жоққа шығарды.
“Дүйсековті қызметтік пәтерден шығару мәселесі қаралмаған, оған бұл туралы ешқандай хабарлама жіберілмеген. Сондай-ақ осыған қатысты ешқандай шешім қабылданбаған”, – деп мәлімдеме жасады сот.
Сондай-ақ сот Аян Дүйсековтің қайтыс болардан аз уақыт бұрын еңбек тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жаза алғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, ол бұйрықпен жазбаша түрде танысып, оған шағым түсірмеген.

Сотта марқұмның өзінен моральдық-психологиялық қысымға қатысты ешқандай шағым түспегені де айтылды.
"Облыстық сот Аян Дүйсековке қандай да бір қысым көрсетілгенін жоққа шығарады. Онымен арадағы қызметтік қарым-қатынас іскерлік сипатта болып, өзара құрметке негізделді", – деді сот.
Қазір Дүйсековтің өліміне қатысты мән-жайды құқық қорғау органдары тергеп жатыр. Сот тергеу үшін сұралған құжаттар мен материалдарды беріп жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Аян Дүйсековтің туыстары оның қайтыс болғанын айтып, оқиғаның мән-жайын тексеруді талап еткен еді. Сондай-ақ қызметтік пәтерге қатысты да мәселелер туындаған.
"Бізге 12 қыркүйекке дейін пәтерден шығу керегін айтты. Жаңа пәтер іздедік, бірақ таба алмадық. Аян бізге тағы біраз уақыт беруді сұрамақ болды, алайда оған рұқсат бермеді. "Сенбі күні көшесіңдер, болды" деді", – дейді марқұмның жұбайы.
Жанардың айтуынша, олар қызметтік пәтерде небәрі жарты жыл тұрған.
Мектепте хиджабқа ғана емес, діни сипаттағы кез келген киім элементіне шектеу қойылады – Дінтанушы