Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық әйелдің егіздері ішінде шетінеп кеткен: Туыстарының шағымынан кейін перзентхана тексеріліп жатыр

егіздерінен айырылып қалған әйел
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Астанада егізге жүкті әйелдің бір сәбиінен айырылғаннан кейін екіншісін де жоғалтқан отбасы Перинаталдық орталық дәрігерлерінің әрекетіне шағымданды. Туыстарының айтуынша, әйелдің жағдайы бірнеше күн бойы ауыр болғанына қарамастан, шұғыл операция жасалмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстандық әйел желіде жеңгесінің басынан өткен оқиғаны баяндады. Оқиға Тәуелсіздік көшесі, 3/1 мекенжайындағы орталықта болған.

“Неден бастарымды да білмеймін. Бізде Астанадағы Орбита ықшамауданында орналасқан Перинаталдық орталыққа қатысты шағым бар. Осы аурухана дәрігерлерінің салғырттығынан сәбиімізден айырылып қалдық. Әсіресе патология бөлімінің міндетін атқарушы меңгерушісі Венера Ж.-ға қатысты айтарымыз көп. Пациенттерге мүлде жанашырлығы жоқ. Тек "хаттама, хаттама, хаттама" дейді. Біздің Әсем егіз балаға жүкті болған. Өкінішке қарай, жүктіліктің алтыншы айында бір сәбиімізден айырылып қалдық. Дәрігерлер шетінеп кеткен ұрықпен жүктілікті босанғанға дейін жалғастыруға болатынына сендірді”, – деп жеткізді ол. 

Дегенмен бірнеше аптадан кейін егіздердің анасының іш аймағының терісі алдымен күрең түске, кейін көкшіл түске айналған. 

“Біз дабыл қақтық. "Бала шіріп бара жатыр ғой, тірі жатқан сәбиді құтқару керек" дедік. Бірақ ешкім шара қолданбады. Алдымен дерматологқа жіберді, кейін антибиотиктермен емдеді. Анализдерінің көрсеткіштері шегіне жеткен кезде ғана №6 емхана оны портал арқылы осы қасіретті перзентханаға жіберді. Ол жерде анализдер ала бастады. Нәтижелері шынымен де өте ауыр болды. Бірақ ешкім кесарь тілігін жасауға немесе жағдайдың әрі қарай асқынуына жол бермеуге әрекет жасамады. Үш күн! Үш күн бойы жағдайы өте ауыр анализдермен ұстап отырды”, – деп қосты ол. 

Бұдан соң отбасы 109 "Айкөмек" қызметіне шағымданған. Содан кейін ғана оған бірден дәрігер шақырылып, шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданған. 

“Операция сәтті өтті. Дәрігер плацентаға зақым келтірмей, қайтыс болған сәбиді алып шықты. Екінші сәби жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келді. Салмағы 1 келі 600 грамм болды. Дені сау еді, тіпті жылады. Операция жасаған дәрігер кәсіби түрде жұмыс істеп, "Сәби өте мықты" деді. Бірақ өкінішке қарай, ол бар болғаны бір күн өмір сүрді. Себебі сепсис болды. Түсінесіздер ме? Сепсис! Тірі және шетінеп кеткен сәбиді осынша уақыт бірге алып жүргенде, әрине, инфекция қаупі жоғары болады”, – деп баяндады ол.

Қазақстандық қазір жеңгесінің психологиялық жағдайына алаңдайтынын алға тартты. Себебі ауруханада оған еш қолдау жасалмаған екен.

“Бүгін ағам екі ұлын жерлеп жатыр. Ал олардың анасы ауруханада жатыр және әбден шаршағанын жазып отыр. Біз оның жағдайына алаңдаймыз. Осы ауруханада әлі босанатын басқа әйелдер үшін де қорқамыз! Ауруханаға әйелдің писхологиялық жағдайы қызық болмады. Біз келіп, "Психолог болады ма? Бұдан әрі не болады?" деп сұрадық. Олар "Басқа палатаға ауыстырамыз, психолог болады" деп жауап берді. Бірақ кейін психологтың тек таңертең бір рет қана келіп кеткенін білдік. Неге мұндай жағдайға тап болған әйелдерге арналған арнайы психологиялық қолдау бағдарламасы жоқ? Жеңгемнің анасын да кіргізбеді. Ол қызын көргісі келіп, қатты жылады”, – деді тұрғын. 

Бұдан соң тұрғын бұл емхананаға бұған дейін де жаман шағымдар түскенін анықтаған. Айтуынша, өзге аналар да бұл мекеменің қауіпті екенін білуі керек. 

“Біз сәбиге Арлан деген есім қойдық. Ол бізбен бар болғаны бір күн бірге болды. Бәріміз жүгірдік, өтіндік, әрекет жасадық, шағымдандық. Бірақ жауап болмады. Ал аурухананың патология бөлімінің міндетін атқарушы басшысының тарапынан мазақ еткендей қарым-қатынас көрдік.Мұндай адамның осындай жерде қалай жұмыс істеп жүргені түсініксіз. Интернеттен ол туралы ақпарат іздедік. Шағым өте көп екен! Неге осы пікірлердің негізінде тексеру жүргізілмейді? Ол жерде тірі адамдардың, нағыз пациенттердің пікірлері тұр ғой! Денсаулық сақтау министрлігінен осы аурухананы тексеруді сұраймын Аналар дәрігерлерінің салғырттығы мен қатыгездігінен сәбилерінен айырылмауы керек!”, – деп қорытты ол. 

Осы жағдайға байланысты редакциямыз Астана денсаулық сақтау басқармасынан пікір сұрады. 

“Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайға қатысты жағдайдың басқарма бақылауында екенін хабарлады. Қазіргі уақытта пациентка босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр. Оған қажетті ем-дом көрсетіліп, медициналық бақылау жүргізілуде. Аталған жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. ”, – деді ведомство. 

Басқарма тексеру қорытындысы бойынша тиісті баға берілетінін жеткізді. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 12:31