Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қабырғасы сынып, миына қан құйылған": Шымкентте жасөспірім теміржол маңынан ес-түссіз күйде табылды

жасөспірім
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Шымкентте 17 жастағы жасөспірім темір жол бойынан ауыр жарақатпен табылып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның туыстары әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап, оқиғаның мән-жайын анықтауды өтінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Туыстарының айтуынша, жасөспірім 24 қыркүйек күні кешкі уақытта компьютер клубына барамын деп үйден шыққан. Кейін оны темір жол бойынан ауыр жарақат алған күйде тапқан.

“Темір жол бойымен келе жатқан жүк пойызының машинисі інімді байқап, шұғыл тоқтап, жедел жәрдем шақырған. Бауырымның жарақаты ауыр. Шамамен 1,5 литр қан жоғалтқан. Басы екі жерден жарылған, жамбасы сынған, күретамыры зақымданған. Сонымен қатар қабырғасы сынып, өкпесі жарақаттанған. Миына да қан құйылған”, – деді туысы

Жасөспірімнің туысының сөзінше, тергеу жалғасып жатыр. Ал інісінің денесі бейнебақылау камералары жоқ жерден табылған. 

“Алайда оның темір жол бойымен жалғыз өтіп бара жатқанын сол маңда жұмыс істеп жүрген теміржол қызметкері байқап қалған. Нақты уақытын айта алмадым, шамамен сағат 23:00-23:30 аралығы болуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, жарақаттарының сипатына қарап, оны біреу ұрып-соққан немесе көлік қағып, кейін темір жол бойына апарып тастаған болуы мүмкін деген болжам бар. Себебі пойыз астына түскен жағдайда жарақаты бұдан да ауыр болар еді. Қазір аяқ-қолы бүтін. Егер пойыз басып кеткен болса, мұндай жарақатпен шектелмеуі мүмкін еді. Бірақ оқиға болған жер жүретін жол емес”, – дейді туысы.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі  көліктегі полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Департамент дерегінше, қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

“Аталған факті бойынша Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық қажет тергеу әрекеттері жүріп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін  Жамбыл облысында 14 жастағы оқушы мұғаліммен даудан кейін өлі табылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 12:01