Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шалқарда 17 жастағы жасөспірімді пышақтап өлтірген студент 9 жылға сотталды

Марқұм мен айыпталушы
Фото: Stan.kz

Шалқарда жасөспірімдер арасындағы жанжал қайғылы аяқталды. 2008 жылы туған Әлихан Жәнібеков пышақ жарақатынан қаза тапты. Сотталушы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбе соты 18 жастағы жасөспірімді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9 және 14 тармақтарымен кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

Сот аудандық полиция бөліміне жеке қаулы шығарды.

“Кәмелет жасқа толмағандармен жұмыс дұрыс жүргізілмейтіні анықталды. Шалқарда "Маяк" және "Рабочий" тобының арасында кикілжің болған. Кейін аса ауыр қылмыс тіркелді. Сотталушы және көптеген куә түнгі уақытта ата-ананың қарауынсыз жүрген. Яғни полиция кәмелетке толмағандармен дұрыс жұмыс жүргізбеген. Сол кезде де кәмелетке толмаған сотталушы анасының атындағы көлікті заңсыз басқарған. Аудандық полиция бөлімінің мұндай жағдайда ешқандай шара қолданбайтыны көрінеді”, – деді судья.

Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылды. 2,3 млн теңге материалдық шығын, 15 млн теңге моральдық зиян, 1 млн теңге өкілдің көмегі өндіру міндеттелді.

Оқиға 2026 жылы 19 наурызда Шалқар қаласында болды.

Сот материалдарына сәйкес,  14 наурызда “Маяк” және “Рабочий” аудандарының жасөспірімдері жанжалдасқан. Ол жерде Маяктың балалары жарақат алады.

Оны Оралда оқып жатқан сотталушы-студент естіп, Шалқарға арнайы келген.

19 наурыз күні кешке ол бірнеше танысымен бірге көлікке отырып, “Рабочий” ауданының балаларын іздейді. Сотталушының көлік жүргізуге құқығы болмаған. Соған қарамастан, ол анасының атына тіркелген көлікті мініп кеткен. Өзімен бірге аңшы пышағын алып шыққан.

Сағат 22:50 шамасында сотталушы бір жасөспірімнің бетінен ұрған.

Арада он минуттай уақыт өткенде тағы бірнеше бала жиналған. Олардың арасында сөзге келу басталған.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы мен Әлихан Жәнібеков топтан бөлек кеткен. Екеуінің арасында жанжал туындаған. Сотталушы пышақ қолданған. Ол Жәнібековтің сол жақ кеуде тұсына бір рет соққы жасаған. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен.

Әлихан Жәнібеков алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған.

Сот-медициналық сараптама оның өліміне өкпе артериясының зақымдануы салдарынан болған жедел қан кету себеп болғанын көрсетті.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде 17 жастағы оқушыны пышақтап өлтірді деп айыпталған студенттің ісі қаралып жатқаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 18:51