Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гранит тақта ұрлаудан жалған ақпарат таратуға дейін: Прокурор сотта Санжар Боқаевқа қандай айып тағылғанын айтты

Санжар Боқаев
Фото: instagram.com/sanzhar_bokayev

Алматыда белсенді Санжар Боқаевтың ісіне қатысты сот жалғасуда. Сот отырысында прокурор сотталушыға тағылған айыптар тізімін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қоғам белсендісіне алаяқтық жасады, ақша жылыстатты, гранит тақталарын ұрлауды ұйымдастырды, ағаштарды заңсыз кесті және жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.

Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, Боқаев гранит тақталарының ұрлануын әдейі ұйымдастырып, кейін әлеуметтік желіде жалған әшкерелеу видеосын жариялауды жоспарлаған. Прокурордың айтуынша, сотталушы 2022 жылдан бастап адамдарға ықпал ету үшін түрлі саяси технологияларды қолданған және мемлекеттік органдарды сынайтын жазбаларды тұрақты түрде жариялап отырған.

Прокурордың сөзінше, 2025 жылдың күзінде Боқаев әлеуметтік желідегі парақшаларына көбірек назар аударту үшін сыбайлас жемқорлық схемасын әшкерелегендей көрінуді көздеген. Ол үшін мемлекеттік нысандағы құрылыс материалдарын шын мәнінде ұрлатып, оқиғаны видеоға түсіріп, болған жағдайға әкімдік пен мердігерлерді кінәлауды жоспарлаған.

Бұл іске Боқаев өзінің жеке видеооператоры Ұ.Нүсіпқожа мен танысы А. Хамракуловты тартқан. Айыптау қорытындысына сәйкес, Хамракуловқа ұрлықты жүзеге асыратын адамдарды табу тапсырылған. Ақша үшін бұл іске құрылыс материалдарын ұрлауға келісім берген "Павлодар өзен порты" құрылыс компаниясының бұрынғы учаске бастығы Ж. Жанатаев та қатысқан.

Тергеудің ресми нұсқасы бойынша, 2025 жылғы 10 қыркүйекте кран-манипулятор жалданып, Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан құрылыс алаңынан сегіз гранит тақтасы жасырын түрде әкетілген.

Алайда прокурорлардың айтуынша, тақталардың Тұздыбастау ауылының маңына түсірілуі Боқаевты қанағаттандырмаған. Оның мақсаты тақталарды құлпытас жасайтын шеберханаға сатуға апарғандай көрініс қалыптастырып, интернетте үлкен дау туғызу болған.

Сондықтан айыптау тарапының мәліметінше, 2025 жылдың 15 қыркүйегінде Боқаев істі жеке бақылауына алып, екінші ұрлықты ұйымдастыруға ақша берген. Бұл жолы жалданған адамдар құрылыс алаңынан тағы 12 гранит тақтасын ұрлап, Бесағаш ауылындағы ескерткіштер жасайтын шеберханаға жеткізген.

Тергеу деректеріне сәйкес, жұмысшылар тақталарды түсіріп жатқан кезде Боқаев пен оператор Нүсіпқожа жол талғамайтын көлікте отырып, оқиғаны видеоға түсірген. Сол сәтте Боқаев камера алдында жергілікті тұрғындардан ұрлық туралы хабарламалар түскен соң түнде шұғыл келгенін айтқан. Монтаждалған видео 2025 жылдың 17 қыркүйегінде әлеуметтік желіде жарияланған.

Айыптау тарапы Боқаевтың бұл әрекетін алдын ала ойластырылған “жалған әшкерелеу” ретінде бағалайды.

 

Баум тоғайындағы ағаштарды кесу ісі

Прокурордың айтуынша, 2025 жылдың күзінде Боқаев "Базис-А" құрылыс компаниясы мен Баум тоғайын абаттандырумен айналысқан мемлекеттік органдарға қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастыруды да көздеген.

2025 жылдың 26 қазанында Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу жоспарланған. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, Боқаев осы кездесудің қарсаңында жанжал туғызуды жоспарлап, алдымен ағаштарды жасырын түрде кестірмек болған. Содан кейін “тоғай коммерциялық нысандар салу үшін заңсыз әрі аяусыз жойылып жатыр” деген ақпарат жариялауды көздеген.

Бұл жолы да Боқаев пен оның жеке видеооператоры Ұ.Нүсіпқожа гранит тақталарын ұрлау ісіне қатысы бар А. Хамракуловқа жүгінген. Прокурорлардың мәліметінше, тапсырыс берушілер ақша бергеннен кейін Хамракулов қаладағы ломбардтардың бірінен бензинмен жұмыс істейтін ара сатып алған.

2025 жылдың 24 қазанында кешкі уақытта Хамракулов жалдаған адамдар Баум тоғайына жасырын кірген. Айыптау қорытындысына сәйкес, олар екі жарым сағат ішінде үйеңкі, акация және қарағашты қоса алғанда, 16 ағашты әдейі кесіп, зақымдаған.

Прокурордың мәліметінше, қылмыс жасалғаннан кейін Нүсіпқожа ағаштарды кескен адамдармен кездесіп, оларға 100 мың теңге төлеген. 

Іс материалдарына сәйкес, 25 қазан күні түнде Боқаев пен Нүсіпқожа өздеріне шетелдік нөмірден ағаштардың кесілгені туралы анонимді хабарлама келгендей көрініс жасаған. Олар қолдарына шам алып, тоғайға барып, "белгісіз қылмыскерлерді" қуғандай видео түсірген.

2025 жылдың 26 қазанда, аудан тұрғындарымен кездесу басталар алдында, Боқаев қоғам белсенділерін тоғайға ертіп барған. Ол оларға өз нұсқауы бойынша кесілген ағаштарды көрсетіп, камера алдында белгісіз мүдделі адамдар тұрғын үй кешендерін салу үшін аумақты тазалап жатыр деп мәлімдеген.

Айыптау тарапының пікірінше, Боқаев осы әрекеттер арқылы өзін қоғам мүддесін қорғайтын белсенді ретінде көрсетіп, әлеуметтік желідегі аудиториясын әдейі жаңылыстырған. Монтаждалған видео оның Instagram парақшасында жарияланған.

Прокуратура табиғатқа келтірілген зиянды атап өтті

Прокурордың айтуынша, Боқаевтың өзіне назар аударту мақсатындағы әрекеттері табиғатқа және "Медеу" мемлекеттік табиғи паркіне нақты зиян келтірген.

Осыған байланысты Санжар Боқаев пен оның видеооператоры Нүсіпқожаға адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы ағаштарды заңсыз кесу және жою айыбы тағылған.

Айта кетейік, жоғарыда келтірілген мәліметтер прокуратураның сотта жариялаған айыптау нұсқасы. Сот процесі жалғасып жатыр, ал сотталушылардың кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен ғана нақтыланады. 

Еске салсақ, Санжар Боқаев 2026 жылдың 18 наурызында Алматыда ұсталған еді. Бас прокуратураның мәліметінше, Санжар Боқаев ұлттық компанияда жұмыс істеген кезінде ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Кейінірек белсенді Санжар Боқаевқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 16 қазанда Алматыда белсендіге қатысты сот басталды.

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 20:16