Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайын атасы "қызым қайт" деп түрмеден хабарласатын": Марқұм Мадинаның анасы қызының өліміне қатысты мән-жайды айтып берді

Мадина мен анасы
Фото: Видеодан скрин

Журналист Айнұр Асанбердінің “Әңгіме бар” подкастында Жамбыл облысында көз жұмған 19 жастағы Мадина Рашидқызының анасы мен блогер Жан Ахмадиев істің мән-жайы туралы айтып. берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Подкастта сөз бастаған Жан Ахмадиев Мадинаның өліміне қатысты істің жалғасып жатқанын, желідегі “іс тоқтап қалды” деген ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жуырда іс бойынша сараптама нәтижесі шыққан.

Ал Мадинаның анасы Шахло қызының 17 жаста тұрмысқа шыққанын, барлығы өз қалауымен болғандықтан қызының таңдауына қарсы шықпағынын айтады. 

“Мадиярмен танысқанын айтты. Жиырма күн болған танысқандарына. Бір мейрамхананың ашылуына барамыз деп шығып кетіп, сол күні алып қашып кетті. Қызым “қаламын” деген соң, қалдырдық. Ол кезде қызым 17 жаста болды ғой, олар қорқып, “ұлымыз сотталып кетпесін” деп жылап келді”, – дейді Мадинаның анасы. 

Әйелдің айтуынша, құдалары алдымен жас жұбайдың Алматыда тұратынын айтқан, алайда кейін Алматыға мүлде жібермей қойған көрінеді. 

Белсенді Жан Ахмадиев марқұмның анасы қызының өзіне қол салғанына сенбейтінін айтады. 

“Мадина оқуын бітіріп, дипломын алған. Ашық, белсенді қыз болған. Ондай адам өзіне қол жұмсауға бармайды. Ол кез келген нәрсені анасымен ақылдасып отырған. Бәрін айтып жүрген қыз, өзіне қол салар алдында қалайша бір хат қалдырмаған. Сосын видео бар. Анандай қыз үндемей видео түсіріп, артынша асылып қалады дегенге сенбеймін. Менің ойымша, ол Мадинаны ұрып өлтіріп алды, сосын қылмысын жасыру үшін өздері асып қойды. Мадиярдың туысы полция қызметкері болып жұмыс істейді екен, солар ақыл берген болуы мүмкін”, – дейді Жан Ахмадиев. 

Мадинаның анасының айтуынша, қызы күйеуінің қол көтеретінін айтып, бірнеше рет шағымданған, тіпті үйіне қайтып келген жағдайлары да болған екен. 

“Ұратынын айтатын. Қанша рет қайтып келді. Бірақ сол күні кешірім сұрап қоңырау шалады, сосын қайта барады. Кетпе десем де, қайта кететін. Бір рет полицияға да шағымданды, бірақ енесі “қайын атаң түрмеде отырғанда, үйге полиция шақырма” деп ұрысқан соң, шағымданбайтын болған. Қайын атасы жол апатында адам қағып өлтіргені үшін түрмеде отыр. Қызым үйіме қайтып келгенде, қайын атасы түрмеде отырып, қоңырау шалатын “қызым қайт” деп, қайын атасын сыйлағандықтан қайта баратын. Мадина үйден кеткенде, баласын бермей алып қалатын. Кейде баласын сағынғаны үшін қайтуға мәжбүр болатын”, – дейді әйел. 

Мадинаның анасы немересінің құдаларының қолында қалғанын, үйлеріне барғанда немерелерін көрсетуден бас тартқанын айтады. 

Жан Ахмадиев Мадинаның енесі де, күйеу баласы Мадияр да қыздың анасынан кешірім сұрамағанын айтады.

“Жалпы маған Мадиярдың Мадинаның анасына деген қарым-қатынасы ұнамады. Былайша, айтқанда адам құрлы көрмейді. Тергеу кезінде көрдім Мадияр Мадинаның анасына “ей, сен” деп сөйлейді. Осыдан-ақ олардың Мадинаға қалай қарағанын түсінуге болады деп ойлаймын”, – дейді белсенді. 

Еске салсақ, 17 тамызда Жамбыл облысының Мерке ауылында 19 жастағы Мадина Рашидқызымен қоштасу рәсімі өтті. Жас келіншектің артында сегіз айлық сәбиі қалды. Алдын ала мәлімет бойынша Мадина отбасындағы жанжалдардан кейін өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның жақындары осы нұсқаға сенбейтінін айтып отыр. Қоштасу рәсіміне журналистер де қатысып, марқұмның күйеуінің туыстары болмағанын байқаған.

Туыстарының айтуынша, Мадинаның қайын жұрты қоштасуға келмеген. Бұған дейін Мадинаның құрбысы қыздың отбасындағы жанжалдар туралы айтып, күйеуінен таяқ жегенін мәлімдеген. Құрбысы оның денесіндегі көгерген жерлерді көргенін және жарақаттарының фотосуреттерін алғанын айтқан. Жақындарының сөзінше, соңғы жанжал балаға алынған тәттіге байланысты болған. Мадина "Барни" тәттісін жегені үшін күйеуінің оны ұрғанын айтқан деген ақпарат тараған. Осыдан кейін жас келіншек күйеуінен кетіп, ажырасуды жоспарлаған. Оқиға бойынша Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, адамды суицидке жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу жалғасып жатыр.

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 19:15