"Мен жастарға сенемін": Алматыда кітап алу үшін кезекке тұрған жастар көпшілікті тәнті етті
Алматыдағы Kitapal дүкенінде кітаптарға 50% жеңілдік жарияланып, сауда орнына жиналған жұрттың қарасы қалыңдады. Кітап алуға келген тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұрып, бұл әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кезекте тұрған жұртшылықтың бір-біріне сыпайы қарап, сабыр сақтағаны көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Kitapal кітап дүкенінде түсірілген суреттер тарады. Кадрлардан кітап сөрелерінің арасында жүрген адамдарды, сөрелерге жақындау үшін кезек күткен тұрғындарды көруге болады.
Желі қолданушыларының айтуынша, дүкенде кітаптарға 50% жеңілдік жарияланған. Осыған байланысты кітап сатып алуға ниет білдіргендер әдеттегіден әлдеқайда көп жиналған.
Кезекте жастар да, ересектер де бар. Бірі өзіне ұнаған кітапты іздесе, енді бірі бірнеше кітапты қатарынан сатып алуға тырысқан.
“Бір кітап оқи қояйын деп едім, бүкіл Алматы сондай шешімге келіпті ғой”, – деп әзілдеді желі қолданушыларының бірі.

Кітап дүкеніндегі қарбаласқа қарамастан, тұрғындардың өзін ұстауы да көпшіліктің көңілінен шықты. Желі қолданушыларының сөзінше, адамдар бір-бірімен ұрыспай, өз кезегін күтіп, қажет кезде бір-біріне көмектескен.
“Жандарым, момақан болып кезек күтіп тұрғандарынан айналдым. Еш айқай-шусыз, ұрыс-керіссіз, кітаптарын алып мәз болып шығып жатыр ұлы да, қызы да. Естігендерім тек: “кешіріңіз, өтіп кетсем бола ма”, “анау кітапты алып беріп жібересіз бе”, “мына кітапты көрейін деп едім”. Кітап оқитын ұрпақ”, – деп жазды тұрғындардың бірі.

Тағы бір желі қолданушысы кеш батқаннан кейін де кітап дүкеніне келушілердің қатары сиремегенін айтты.
“Бұлар түнгі клубқа емес, кітап сатып алуға кезекке тұрған жандар. Осынша адамның кітап алуға келгенін көріп, қатты риза болдым”, – деп жазды ол.
Тағы бір желі қолданушысы жастарға қолдау білдіріп, мейірім танытуға шақырды.
“Кешкі сағат 19:00 болды. Үйлеріңізге қайтпайсыздар ма? Сәл күтсеңіздер, келесі жылы да жасаймыз ғой. Қуансаң, осындай рухты жастар үшін қуан. Берсең, соларға бер. Мейірім көрсетсең, олар да ары қарай мейірім таратады”, – деп жазды бірі.
Тағы бір желі қолданушысы жастардың кітапқа деген қызығушылығына сүйсініп, олардың білімге ұмтылысын қолдауға шақырды.
“Алматы жастары кеш батқанша, тіпті түннің бір уағына дейін кітап алу үшін тарамаған. Көше бойына сыймаған сол кезек кәдімгі рухани мерекеге айналды. Біреулер “қазіргі жастар телефоннан бас алмайды” деп сынауға дайын тұрады. Бірақ алматылық жастар сол түсініктің күл-талқанын шығарды. Олар кітап оқитынын ғана емес, сапалы әдебиетті бағалай білетінін де дәлелдеді”, – деп жазды ол.

Алматы кітапханаларында да оқырман қарасы қалың
Желі қолданушылары Алматыдағы кітапханалардан да түсірілген суреттерді жариялады. Кадрлардан А.П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапхананың оқу залында кітап оқып, сабаққа дайындалып отырған жастарды көруге болады.
Қала тұрғындарының айтуынша, Алматының өзге кітапханаларында да оқырман көп. Олардың арасында студенттермен бірге жұмыстан кейін кітап оқуға келетіндер де бар.
Жамбыл кітапханасында екі жылдан астам уақыт жұмыс істейтін желі қолданушысы мұнда оқырманның үзілмейтінін жазды.
“Оқырмандар өте көп. Бірінен соң бірі ағылып келеді. Жастар көп оқиды, дамып жатыр, мойындау керек”, – деп жазды бірі.

Тағы бір тұрғын Жамбыл кітапханасының тәулік бойы жұмыс істейтінін айтып, студенттер мен жұмысы бар адамдардың түннің бір уағына дейін сонда отырып, кітап оқитынын жеткізді.
“Мен жастарға сенемін”
Кітап дүкені мен кітапханалардағы көріністер желі қолданушыларына ерекше әсер еткен. Көпшілік жастардың кітап оқуға уақыт бөліп, білімге ұмтылғанына қуанатынын жазды.
“Біздің қазақ жастары білімді, мәдениетті! Жақсы көрем! Қанаттарың талмасын!”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір алматылық кешкі уақытта кітапханаға барса да, оқу залының адамға толы болатынын айтты.
Желіде жарияланған суреттер мен пікірлер кітап оқуға деген қызығушылықты қайта талқылауға түрткі болды. Кітап дүкеніндегі жеңілдікке байланысты ұзын-сонар кезек те, кітапханалардағы оқырманның көптігі де тұрғындардың кітапқа ықыласы бар екенін аңғартты.
Кітап оқуға деген қызығушылық көпшілікті қуантты
Желі қолданушылары кітап дүкеніндегі кезекке қарап, жастардың кітап оқуға деген ықыласы азаймағанын айтты. Олардың пікірінше, мұндай көріністер қоғамда білімге, ізденіске және өзін-өзі дамытуға қызығушылық бар екенін көрсетеді. Әсіресе, кітап сатып алуға мектеп оқушылары мен студенттердің көптеп келуі көптің көңілінен шыққан.
Кейбір тұрғындар кітап дүкендері мен кітапханаларда осындай көріністердің жиі болғанын қалайтынын жазды. Олардың сөзінше, кітаптың қолжетімді болуы адамдарды жаңа шығармалармен танысуға ынталандырады. Ал жеңілдіктер оқырмандарға бұрыннан оқығысы келген кітаптарын сатып алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар желі қолданушылары кітапханаға бару тек сабаққа дайындалумен шектелмейтінін айтты. Бұл – тыныш ортада уақыт өткізіп, жаңа білім алуға және пайдалы әдет қалыптастыруға мүмкіндік беретін орын. Сондықтан кітапхана залдарында жастардың көп болуы да тұрғындар үшін жағымды жаңалыққа айналды.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады