Ақтөбеде әйел мен оның екі қызы қаза тапқан газ құю бекетінің иесіне сот үкімі шықты
Ақтөбеде газ баллоны жарылып, әйел мен оның екі қызы қаза тапқан газ құю бекетінің иесіне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
19 маусым күні кешке Ақтөбедегі Бөкенбай батыр көшесінде орналасқан газ құю бекетінде газ баллоны жарылып, көлік өртенген. Өрт сөндірілгеннен кейін көліктің ішінен жас әйел мен оның 10 және 6 жастағы екі қызының мәйіті табылған.
Сол күні отбасы Сазды ауылынан қалаға сауда жасауға келген. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жазғы асүйде қолданатын газ баллонын да толтырмақ болған.
Жәбірленушінің айтуынша, газ баллонын көліктің жүксалғышынан шығармай, оған құю шлангісін жеткізген. Әдетте 30 литрлік баллонға 29 литр газ құйылатын болса, бұл жолы есептегіш 40 литрден асқанын көрсеткен. Мұны байқаған ер адам құюды тоқтатуды талап еткен.
Алайда оператор "тоқтату" батырмасының қайда орналасқанын білмеген. Ақыры газ құю тоқтатылғанымен, артынша жарылыс болған.
"Әйелім балалармен бұған дейін дәретханаға шығып кеткен еді. Олардың көлік салонына қайта оралғанын білмедім. Өзім далада болатынмын. Қазір де маған өте ауыр. Сотталушының жақындары бізге келіп, кешірім сұрады. Әйелімнің туыстарымен ақылдасып, оны кешірдім. Енді ешкімді қайтара алмаймыз. Менің тағы үш балам бар. Медиациялық келісімге қол қойдым", – деді марқұм әйелдің күйеуі сотта.
Сотта қайғылы оқиға болған күні бекетте 20 жастағы оператордың уақытша, бір күнге жұмысқа алынғаны анықталған. Кешке оның орнына 18 жастағы студент інісі келген.
Сол күні оператор болып жұмыс істеуге келіскен жігіт бұл жұмысты WhatsApp арқылы тапқанын және оған 15 мың теңге төлеуге уәде бергенін айтқан. Алайда кешке жұмыстан кетуі керек болғандықтан, оның орнына 18 жастағы інісі келген.
Сотталушы жазаны тағайындау кезінде жәбірленушілерге моральдық және материалдық шығынды толық өтегенін ескеруді сұраған. Ол тағы да кешірім сұрап, өзін кешіргендері үшін алғысын білдірген.
Сот газ құю бекетінің иесін ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда жазасын өтеу шартымен төрт жылға бас бостандығынан айырды.
Еске салайық, 19 маусым күні Ақтөбеде автогаз құю станциясында көлік өртеніп, үш адам қаза тапқан еді.
Өрт хабарлама түскеннен кейін 8 минут өткен соң, сағат 23:03-те толықтай сөндірілді. Өрт сөндірушілер жалынның автогаз құю станциясының нысандарына таралуына жол бермеді.
Өртті сөндіру барысында автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды. Олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Бір зардап шеккен адам медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады
