Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда пластикалық хирургтардың жалақысы белгілі болды

Хирург
Фото: Pixabay

Қазақстанда пластикалық хирургтердің орташа айлық жалақысы 2,1 миллион теңгеге жеткен. Бұл көрсеткішпен олар елдегі ең жоғары жалақы алатын дәрігерлер арасында екінші орынға шықты. Бірінші орында жақ-бет хирургтері тұр. Олардың орташа жалақысы 2,4 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының негізгі мамандықтар мен лауазымдар бойынша жалақы мөлшеріне қатысты есебіне сәйкес, 180-нен астам дәрігерлік мамандықтың ішінде пластикалық хирургтер екінші орынға жайғасқан.

Бірінші орында жақ-бет хирургтері тұр. Олардың орташа есептелген айлық жалақысы 2,4 миллион теңгені құрайды. Ал үшінші орынға айына шамамен 1,3 миллион теңге алатын цитопатология мамандары орналасқан.

Ең жоғары жалақы алатын дәрігерлердің алғашқы ондығына төтенше жағдайлар мен апаттар медицинасының дәрігерлері, күйік емдейтін мамандар, кардиологтер, рентгенхирургтер, кардиохирургтер және ангиохирургтер де кірген. Олардың орташа айлық жалақысы 729 мыңнан 864 мың теңгеге дейін жетеді.

Маңызды ескерту: Зерттеу нәтижелеріне кәсіпорындарды іріктеу әдісі әсер етуі мүмкін. Статистика бюросы ірі кәсіпорындардың барлығын, ал орта және шағын кәсіпорындардың бір бөлігін қамтыған. Сонымен қатар зерттеуге қызметкерлердің бәрі бірдей қатыспайды. Мәселен, штатында 5 мың адам жұмыс істейтін кәсіпорында әрбір жүзінші қызметкер ғана зерттелуі мүмкін. Сондықтан рейтингтегі көрсеткіштерді белгілі бір мамандықтағы барлық дәрігердің нақты орташа жалақысы деп қабылдауға болмайды.

2025 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда да айтарлықтай айырмашылық бар. Ол кезде ең жоғары орташа жалақы кардиохирургтерге тиесілі болып, шамамен 1 миллион теңгені құраған. Ал жақ-бет және пластикалық хирургтер ең жоғары жалақы алатын жүз маманның қатарына да кірмеген. Олардың орташа айлығы 500 мың теңгеден аспаған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы басшылар мен қатардағы қызметкерлердің орташа жалақы мөлшері туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Жұма, 16 Қазан, 2026 15:21