Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап электромобильді қуаттау қымбаттайды
Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап электромобильдерді қуаттау тарифі қымбаттауы мүмкін. Бұған электр қуаттау станцияларына қойылатын жаңа талаптар себеп болмақ. Енді станция операторлары электр энергиясының көлемімен қатар кернеуді, ток күшін және қуаттау уақытын да бақылауға қатысты талаптарды орындауы керек. Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов бұл өзгерістер кәсіпкерлердің шығынын арттырып, тұтынушылар тарифіне әсер етуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы stan.kz хабарлайды.
1 желтоқсаннан бастап Қазақстандағы электр қуаттау станцияларының иелеріне жабдықтарды метрологиялық бақылаудан өткізуге қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Енді мемлекет электромобильге берілген электр энергиясының көлемін ғана емес, кернеуді, ток күшін және қуаттау уақытын да бақыламақ.
Нарық өкілдерінің мәліметінше, қуаттау станцияларының бір түрін немесе партиясын тексеріп, сертификаттау шамамен 2 миллион теңгеге түсуі мүмкін. Бұл кәсіпкерлер үшін қосымша шығын. Ал бизнес өкілдері шығынды өтеу үшін қызмет тарифтерін көтеруі ықтимал.
Депутаттың айтуынша, жаңа талаптар күшіне енетін күн белгіленгенімен, жабдықтарды тексеру тәртібіне қатысты сұрақтар әлі де бар.
"Бизнестің қосымша шығындары түптеп келгенде тарифке енгізілуі мүмкін. (...) Кернеудің, ток күшінің және қуаттау уақытының дұрыстығы іс жүзінде қалай тексерілетіні түсініксіз. Соған қарамастан, талап қабылданып қойды және оның күшіне енетін күні де белгіленген", – деді Олжас Нұралдинов.
Оның сөзінше, кәсіпкерлер тексеру тәртібі толық айқындалмай тұрып-ақ қосымша шығындарды көтеруге мәжбүр. Депутат мұндай жағдайда бизнес өкілдерінің неліктен қосымша қаражат жұмсауы керектігіне назар аударды.
"Қарапайым жанармай құю бекетін алайық. Мемлекет тұтынушыға қанша литр жанармай құйылғанын бақылайды. Бірақ бензиннің бакқа қандай жылдамдықпен құйылатынына және жанармай құюға қанша минут кететініне жеке метрологиялық бақылау жүргізілмейді", – деп түсіндірді депутат.
Бұл ретте жаңа талаптардың электр қуаттау станцияларына қатысты қандай мәселелерді шешуге бағытталғаны және оларды тексерудің нақты тәртібі қалай ұйымдастырылатыны қосымша түсіндіруді қажет етеді.
Нұралдиновтың айтуынша, электр қуаттау станцияларына қатысты жағдай өзгеше. Әртүрлі электромобильдің қуат қабылдау мүмкіндігі бірдей емес: біреуі жылдам қуатталса, екіншісіне көбірек уақыт қажет.
"Тіпті бір көліктің өзі аккумулятордың температурасына, заряд деңгейіне және батареяның жағдайына байланысты әр сәтте әртүрлі қуат қабылдайды. Нәтижесінде операторға өзі толық басқара алмайтын параметрлерді бақылау үшін қосымша шығын жүктеледі", – деді ол.
Яғни, депутаттың пікірінше, қуаттау уақыты мен қабылданатын қуат көлеміне көліктің техникалық ерекшеліктері де әсер етеді. Сондықтан станция операторы бұл көрсеткіштердің барлығын өз бетінше басқара алмайды.
Мәселенің тағы бір қыры – қосымша шығындардың кімнің есебінен өтелетіні. Егер кәсіпкерлер жаңа талаптарды орындау үшін қосымша қаражат жұмсаса, оның қызмет құнына әсер етуі мүмкін. Алайда тарифтің нақты қаншаға өсетіні әзірге белгісіз.
Олжас Нұралдинов депутаттық сауалында жаңа талаптарды қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, негізгі назар тұтынушы нақты алған электр энергиясының көлемін тексеруге аударылуы қажет.
Сондай-ақ депутат электр қуаттау станцияларын тексерудің нақты әрі түсінікті тәртібін әзірлеуге шақырды. Ол жаңа талаптардың тұтынушыларға қандай пайда әкелетінін және олардың бизнеске түсетін қосымша шығындарды ақтайтынын түсіндіру қажеттігін атап өтті.
Депутат бұл мәселелерді жаңа талаптар күшіне енгенге дейін шешуді сұрады.
Айта кетсек, бұған дейін Өскемен тұрғыны электромобиль сатып алып, ірі шығынға ұшырағаны туралы жазған едік.
"Scopus-қа мақала шығару үшін 1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық ғалымдар докторантурадағы талаптарға наразы
