Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия клиникаларын жаппай тексермек

пластикалық отадан зардап шеккендер
Фото: Stan.kz

Қазақстанда пластикалық ота жасайтын клиникаларға бақылау күшейеді. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың шағымы көбейгеннен кейін мұндай медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексеру жүргізетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Енді пластикалық ота жасайтын клиникалар қатаң бақылауға алынады. Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен келісіп, еліміздегі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізетінін мәлімдеді.

Мұндай шешім азаматтардан пластикалық операциялардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдардың көбейгенінен кейін қабылданған. Әсіресе, тексерулердің басым бөлігі өткен жылы жүргізілген.

Министрліктің мәліметінше, 2021 жылдан бері бұл салада жұмыс істейтін клиникаларға 92 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде көптеген заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, кейбір клиникалар лицензиялық талаптарды сақтамаған, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарын бұзған және құжаттарды дұрыс жүргізбеген. Тіпті тиісті рұқсатсыз қызмет көрсеткен медициналық ұйымдар да болған.

Анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін клиникаларға міндетті нұсқамалар беріліп, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 24 хаттама толтырылған. Жалпы көлемі 4,8 миллион теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар, пластикалық операциядан кейін адам өліміне әкелген бірнеше жағдай бойынша да жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Мұндай оқиғалар көбіне Алматы мен Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелген. Бұл материалдар әрі қарай құқық қорғау органдарына жолданған.

Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта да медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп, пациенттердің құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын айтты.

Еске салайық, 2026 жылғы 4 сәуірде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов липосакция жасату үшін жекеменшік клиникаға жүгінген. Жұбайының айтуынша, операция кезінде наркоздан кейін оның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, науқас комаға түскен. Ол жедел түрде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізіліп, бір ай бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдағанымен, 5 мамыр күні көз жұмды.

Осы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, клиника жұмысынан бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, тексеру барысында Ербол Айтуовтың II типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болған. Соған қарамастан, оған операция алдында эндокринолог пен терапевтің қосымша кеңесі ұйымдастырылмаған, операцияға дейінгі дайындық пен тәуекелдерді бағалау талапқа сай жүргізілмеген. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты клиникаға нұсқама беріліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

Сондай-ақ биыл мамыр айында Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан да липосакцияда көз жұмған. Осы қайғылы оқиғадан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл клиникада 2020 жылы да дәл осындай операциядан кейін адам өлімі тіркелгенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, сол кездегі тексерістерден кейін медициналық мекеме пластикалық операция жасау лицензиясынан айырылған. Алайда кейін басқа заңды тұлға ретінде қайта тіркеліп, атауын өзгерткен соң жаңа лицензия алып, сол мекенжайда жұмысын жалғастырған.

Осы екі резонансты жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға бақылауды күшейтетінін хабарлады. Министрлік алдағы уақытта жоспардан тыс тексерулерді көбейтіп, клиникалардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін, медициналық жабдықталуын және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтпек.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 11:41