Алматының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджановқа жаңа сот үкімі шықты
Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов пен осы іске қатысы бар тағы бес адамға қатысты сот үкімі қайта қаралғаннан кейін жаңадан үкім шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот алты айыпталушыны бірнеше бап бойынша кінәлі деп таныды.
Сот шешіміне сәйкес, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ахмеджанов “аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа көмектесу”, сондай-ақ “ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану” баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Алматы қаласының жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов те осы баптар бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол да жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Ал жерге орналастыру бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармаханбетов 13 жылға сотталды. Сот оны “аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа оқталу” және “алаяқтық”, “лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға көмектесу”, сондай-ақ “аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу” баптары бойынша кінәлі деп таныды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Бағалау компаниясының бұрынғы директоры Алмазхан Бакиров 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол “аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа оқталу” және “алаяқтық”, “лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға көмектесу”, сондай-ақ “аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуға көмектесу” баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Ал кәсіпкерлер Мұханбетәлі Шалқарбеков пен Берік Өскембаев аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот бастапқыда олардың әрқайсысына 5 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі бестен біріне қысқартылды. Нәтижесінде екеуіне де 4 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, бүкіл жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.
Еске салсақ, Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов 2023 жылдың шілдесінде ұсталған еді. 2025 жылдың ақпанындағы сот шешімімен Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 2026 жылдың наурызында сот 11 жылдық үкімнің күшін жойып, істі қайта қарау үшін прокурорға қайтарған еді.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады
