Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арнайы киім де, нұсқаулық та берілмеді": Ақтөбеде газ құю бекетіндегі өртке байланысты айыпталушы сотта басшысын да жауапқа тартуды сұрады

Аөтөбедегеі газ құю бекетіндегі өрт
Фото: Stan.kz

Ақтөбеде газ құю бекетінде көлік өртеніп адам қаза тапқан іске байланысты сот процессі өтуде. “T-Gaz” бекетіндегі өрттен аман қалған газ құюшы сотта айыпталушы ретінде жауап берді. Ол өзіне арнайы киім берілмегенін, небәрі бір ай жұмыс істеген бекет ресми қызметке қабылдамағанын айтып тағылған айыптың әділетісіз екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқыс оқиға кезінде 23,5 миллион теңгенің Hyundai Santa Fe көлігі өртке оранып, түгел жанып кетті. Қылмыстық кодекстің 204-бабы 2 бөлігімен- (бөтеннің мүлкін абайсызда жою, бүлдіру) бойынша газ құюшы Рустам Келбетов айыпты ретінде танылды.  Айыпталушы өзін кінәсіз деп санамайтынын, бірақ болған оқиғаға жалғыз өзі жауап бермеуі тиіс екенін мәлімдеді. Оның өзі де сол күні ауыр күйік алып, ұзақ уақыт ем қабылдаған.

“Мен әдейі істеген жоқпын. Бетім, қолым, денем күйіп қалды. Кірпігім мен шашым түгел жанып кетті. Осы жағдайдан кейін отбасымнан да айырылдым, ажырасып кеттім. Себебі түрім адам танымастай болды. Қатты күйзелдім. Қазір қолымды ашып жүруге ұяламын. Бекет директоры, мені жұмсаған кассир қыз да жауапқа тартылу керек. Ол жерде бар болғаны бір ай ғана жұмыс істедім. Жұмыс тәртібі, техникалық қауіпсіздік үйретілмеді. Ресми жұмысқа да қабылданбаған адаммын. Ауруханада жатқанда қол қойғызып алды. Мен де жәбірленушімін. Менің қауіпсіздігіме де жауап беру керек. Мен “кінәм жоқ” деп тұрған жоқпын. Бірақ бұл оқиға үшін газ құю бекетінің басшылығы да жауап беруі керек. Өрт менің ауламда болған жоқ, мен оны әдейі жасаған жоқпын”,– деді Рустам Келбетов.

Тергеу нұсқасы бойынша, дәл оның әрекетінен кейін газ тұтанып, жәбірленушінің 23,5 миллион теңгелік Hyundai Santa Fe көлігі толық жанып кеткен. Қазір көпмиллиондық шығынды өтеу міндеті де оның мойнына жүктеліп отыр.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы да  қылмыстық іс бойынша тек газ құюшыны жауапқа тарту әділетсіз екенін айтты. Бекет басшылығының жауапкершілігі де қаралуы тиіс деген ұстанымын жеткізді.

“Қылмыстық іс бойынша тек газ құюшыны кінәлі деп тану әділетсіз. Мекеме басшылығының жауапкершілігі де қаралу керек. Іс 12 томдық. Созбалаңға салынып, бір жылға жуық уақыт тергелді. Тергеу 7 рет созылды. 10 рет мерзімі үзіліп тоқтатылады. 9 рет жаңғыртылады. Қорғауымдағы жәбірленуші осы кездің бәрінде газ құю бекетінің басшылығын жауапқа тартуды көтеріп келді. Қылмыстық іс құжаттарында бекет басшысының не себепті жауапқа тартылмайтыны түсіндірілмейді”,- деді жәбурленушінің қорғаушысы. 

Келесі сот отырысы 23 шілдеге қойылды. Судья газ құю бекетінің басшысын сотқа шақырды. 

Айта кетейік, осыған ұқсас өрт оқиғасы Ақтөбеде биыл да болды. Көлік ішіндегі анасы мен екі қызы тірідей жанып кетті, денесінің 45 пайызы күйік шалған ер адам ауруханаға жеткізілді.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 12:29