Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте аудиторлар 5 миллиард теңге субсидия жымқырылғанын анықтады: Алайда прокурорлар кейін істі тоқтатып тастаған

тенге
Фото: Pixabay

Шымкентте сүт өндіруші компанияларға берілген 5 миллиард теңге субсидияның заңдылығы күмән тудырды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бірнеше компания сүт тапсырмаған және оны өңдемеген болуы мүмкін деп есептейді. Алайда қылмыстық іс алғашында тоқтатылып, кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департаменті субсидияларды жымқыру дерегі бойынша тергеу бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Kozachkov offside арнасының мәліметінше, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылғы қарашада Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасына тексеру жүргізіп, жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге қатысты заңбұзушылықтарды анықтаған. Аудит материалдары Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілген. Кейін тергеу аясында тінту жүргізіліп, құжаттар тәркіленген.

Құжаттарға сәйкес, "Новое молоко", "Майлы-Сут" және "IS Молоко" компаниялары сүт өнімдерін "Молочный мастер" зауытына тапсырған. Онда шикізат өңделіп, сүт өнімдері өндірілгені көрсетілген. Алайда аудиторлар бұл мәліметтерге күмән келтіріп, компаниялар сүт тапсырмаған, ал зауытта оны өңдеу жүргізілмеген болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Кейін Шымкент қаласының прокуратурасы қылмыстық істі тоқтатқан. Прокуратура аудитор субсидиялардың негізсіз төленгені туралы нақты дәлелденген факт емес, болжам келтіргенін алға тартқан. Сонымен бірге фермерлердің тіркелген сиырлары бар екені және сүт өңдеу зауытында жұмыс істейтін жабдықтың орнатылғаны ескерілген.

Соған қарамастан, Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің материалдарын ҰҚК-нің жергілікті департаменті қайта қарап, субсидияларды жымқыру дерегі бойынша тергеу тіркеген. Даудың тағы бір жалғасы сотта өрбіген. Төрт компания Ауыл шаруашылығы басқармасына жүргізілген тексеруді заңсыз деп тануды және қарсы тексеру актілерінің күшін жоюды талап етіп, әкімшілік сотқа жүгінген. Алайда соттар талап арыздарды әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деп қайтарған.

Кәсіпкерлер Кассациялық сотқа шағымданғанымен, ол төменгі соттардың шешімдерін күшінде қалдырған. Осылайша, аудит қорытындысына қатысты дауда компаниялар көздеген нәтижеге қол жеткізе алмаған.

Қазіргі жағдайда 5 миллиард теңге субсидияны жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізуге негіз болған материалдар күшінде қалып отыр. Дегенмен бұл қаражаттың жымқырылғаны сотта дәлелденгенін білдірмейді: істің мән-жайы тергеу барысында анықталуға тиіс.

Еске сала кетейік, Түркістан облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру деректерін анықтады. Қаражат 1 миллиард теңгені құраған.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 10:06