Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басшылықтан қысым көрдім деген ақтөбелік мұғалім оқу-ағарту министрлігінен көмек сұрайды

мектеп мұғалімі
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Әділова мектеп басшылығы тарапынан бірнеше жылдан бері психологиялық қысым көріп жүргенін мәлімдеді. Педагог еңбек құқығы бұзылып, ашық пікір айтқаны үшін қудалауға ұшырадым деп, оқу-ағарту министрлігінен көмек сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбелік ұстаз оқу-ағарту министрлігінен көмек сұрап отыр. Себебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі басшылық психологиялық қысым көрсетіп, емін-еркін жұмыс істеуіме мүмкіндік бермейді дейді. Ойымды ашық айтқаным үшін қудалауға ұшырадым деген Ә.Марғұлан атындағы №71 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айжан Әділова әділдік іздейді. 

"Бұл пропаганда мен моббинг бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Менің сабақтарым мен жұмыстарымды ретсіз тексеріп, қудалау жүргізеді. Заңсыз актілер жасап, ол құжаттармен мені таныстырмайды. Мұның бәрі – құжат жүзіндегі қудалау. Басшының маған тиісуінің басты себебі — жеке көзқарасы және менің ойымды ашық айтатын жас маман болуым", – деді Айжан Әділова.

Айжан Әділова директордың бассыздығы мұнымен бітпейді дейді. Айтуынша, былтыр тексеріс жүргізіліп, білім ошағында бірқатар заңсыздықтар да анықталған. Оның ішінде еңбек құқығының бұзылуы, мұғалімдерден ақша жинау, оларды қорқыту-үркіту фактісі бар деп сендірді. Министрліктен көмек сұраған педагог біліксіз басшының кесірінен ұжымның берекесі кетті деп отыр. 

Ал облыстық білім басқармасы аталған жайтқа байланысты зерделеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Бірақ ұстаздың айтқаны расталмапты.

"Зерделеу барысында мүдделі тараптардың түсініктемелері тыңдалып, мән-жайлар толықтай сарапталды. Қорытындысы бойынша мектеп директоры тарапынан педагогқа қатысты жүйелі түрде қысым көрсету фактілері өз дәлелін таппады. Мектептегі осыған дейін өткізілген әдеп жөніндегі кеңестің шешімін қайта қарау бойынша ұсыныс берілді", – деді білім басқармасы.

Еске салайық, бұған дейін мектеп директоры еңбек міндеттерін бірнеше рет орындамағаны үшін қызметінен босатылған еді. Алайда ол бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Сот барысында жұмыс берушінің тәртіптік жаза қолдану кезінде заң талаптарын сақтамағаны анықталды. Нәтижесінде директор бұрынғы қызметіне қайта орналастырылды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 09:24