Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында белгісіз біреулер ежелгі Қапам ата мешітіне пластик терезе орнатып кеткен

мешіт
Фото: Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында орналасқан Қапам ата жартас мешітіне белгісіз біреулер пластик терезе орнатып кеткен. Қазір нысанның сыртқы келбетін өзгерткен адамдар іздестіріліп жатыр. Мұны Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қапам ата жартас мешіті тарихи-мәдени мұра нысандардың қатарына енгізілген. Ол Таушық ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан және XIX ғасырға жатады. Мешіт – XIX ғасырдағы сопылық және дәстүрлі діни тәжірибелермен байланысты жерасты ғибадат орны. Нысан жұмсақ тау жынысын қашау арқылы жасалып, тік жартастың ашық шөлейт-далалы аумағында орналасқан.

Нысанның тарихи-мәдени маңызын, сақталу деңгейін анықтау және оны мемлекеттік қорғауға алу мақсатында 2025 жылы 2 шілдеде сараптама жүргізілген. Сараптама қорытындысы бойынша мешіт тарихи-мәдени құндылыққа ие деп танылған. Ол кезде нысан бастапқы қалпында болған. Алайда арада жарты жыл өткенде белгісіз адамдар оның келбетін түбегейлі өзгерткен.

Жартас қуыстарының бірі кірпішпен қаланып, пластик терезе мен есік орнатылған. Вандализм дерегі 2025 жылдың желтоқсанында анықталған. Билік өкілдерінің мәліметінше, тарихи-мәдени ескерткішке айтарлықтай зиян келтірілген.

Аталған заңбұзушылық бойынша Түпқараған ауданы әкімдігіне және полиция бөліміне хат жолданған. Нысан әлі бастапқы қалпына келтірілмеген. Оны бүлдірген адамның есебінен қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл Азаматтық кодекстің 244-бабына (Өз бетiмен салынған құрылыс) сәйкес жүзеге асырылады. Алайда осы уақытқа дейін кінәлі адам анықталмағандықтан, терезе әлі орнында тұр.

Егер құқық бұзушы анықталса, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 145-бабы (Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу) бойынша тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы заңнаманы бұзғаны үшін 10-нан 200 АЕК-ке дейін (43 250 теңгеден 865 000 теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Алматылықтар Әуезов театрының шынайы келбеті жоғалғанын айтып, шағым білдіргені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 09:56