Парламент президент туралы заңды қабылдады: Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар “Қазақстан Республикасының Президенті туралы” Конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң жобасы биыл 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституция талаптарына сәйкес әзірленді. Құжат мемлекет басшысының арнайы Жолдауы негізінде парламенттің қарауына енгізілді. Заң жобасында президент пен вице-президенттің құқықтық мәртебесі нақты айқындалып, қолданыстағы конституциялық реттеудің негізгі қағидаттары мен құқықтық сабақтастығы сақталған.
ОқыңызЖоба 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Сонымен қатар биыл Конституция нормаларын бейімдеу және жаңа мемлекеттік билік институттарын қалыптастыруға байланысты бірқатар жаңа ережелер енгізілді.
“Бұдан бөлек, бұрынғы заңнамадағы нормалар жан-жақты пысықталып, редакциялық тұрғыдан жетілдірілді. Парламент регламентінің талаптарына сай бірлескен комиссия депутаттар мен тұрақты комитеттердің ұсыныстарын қарауы тиіс болатын. Алайда комиссия қарауына қандай да бір түзетулер мен ескертулер түскен жоқ. Осыған байланысты заң жобасы бастапқы редакцияда ұсынылып отыр, – деді мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ.
Құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі – вице-президент лауазымының енгізілуі. Оны мемлекет басшысы Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Оның өкілеттіктерін президент айқындайды.
Вице-президент мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президенттің атынан Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. Президент өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, оның міндеттері вице-президентке өтеді.
Заң жобасы Президенттің бір рет қана жеті жылдық мерзімге сайлану тәртібін, оның партияға мүше болмауын және туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына тыйым салуды сақтайды. Сонымен қатар Президентке келесі өкілеттіктер беріледі:
- Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту;
- Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындау;
- Құрылтай жұмыс істемейтін кезеңде заң күші бар жарлықтар шығару.
Заң жобасы 15 наурызда қабылданған Конституцияны іске асыру аясында әзірленді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламент заңды қабылдап, құжат Президенттің қол қоюына жіберілді.
Айта кетейік, бұған дейін "Қазақстан Республикасының президенті туралы" конституциялық заң жобасында вице-президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалғаны туралы жазған едік.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты
Оқыңыз