Қазақстанда президент туралы заң жобасы өзгереді

Парламент палаталарының бірлескен отырысында “Қазақстан Республикасының Президенті туралы” Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр. Онда президенттің мәртебесі, өкілеттік мерзімі, вице-президент лауазымы және өзге де мәселелер қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев "Қазақстан Республикасының президенті туралы" Конституциялық заң жобасын таныстырды.
“Конституциялық заң жобасының 3-тарауында вице-президентті президенттің Құрылтай келісімімен тағайындау тәртібі, кандидатқа қойылатын нақты біліктілік талаптары белгіленген. Сонымен қатар оның өкілеттігін тоқтатудың негіздері, жоғары лауазымды тұлға мәртебесіне ұқсас шектеулер және президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде мемлекет басшысының атынан өкілдік ету негізгі функциясы ретінде айқындалады”, – деді министр.
Оның айтуынша, вице-президенттің өкілеттігін егжей-тегжейлі реттеу президент актілері арқылы жүзеге асырылады. Бұл құқықтық реттеудің икемділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқарудың практикалық міндеттеріне бейімделуге мүмкіндік береді.
“Вице-президенттің қызметін мемлекет басшысы әкімшілігі қамтамасыз етеді”, – деді Ерлан Сәрсембаев.
Заң жобасы президент пен вице-президенттің құқықтық мәртебесін айқындап, мемлекеттік басшысының мемлекеттік билік субъектілеріне қатысты өкілеттіктерін реттейді.
“Президент – мемлекеттің басшысы әрі ең жоғары лауазымды тұлға. Ол елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындап, Қазақстанды ел ішінде де, халықаралық қатынастарда да таныстырады. Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі әрі символы болып қала береді. Ал вице-президент Құрылтайдың келісімімен президент тарапынан тағайындалады. Оған қоса мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде оның атынан өкілдік етеді”, – деді депутат Жанарбек Әшімжанов.
Заң жобасына сәйкес, президент:
- Бас прокурорды;
- Конституциялық сот төрағасын;
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын;
- Жоғары аудиторлық палатаның төрағасын;
- Орталық сайлау комиссиясының төрағасын;
- Ұлттық банк төрағасын;
- Адам құқықтары жөніндегі уәкілді;
- Мемлекеттік күзет қызметінің басшысын жеке өзі тағайындайды.
Ал Құрылтаймен келісу арқылы президент:
- вице-президентті;
- Премьер-министрді;
- Конституциялық соттың 10 судьясын;
- Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін;
- Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін;
- Жоғарғы сот судьяларын тағайындайды әрі сайлайды.
Депутаттардың айтуынша, мұндай өкілеттіктерді бөлу тәртібі орынды. Себебі президент елдің даму бағытын айқындап, аталған органдардың басшыларын стратегиялық саясатқа сай тағайындайды.
“Заң жобасы 2026 жылы Конституция талаптарына бейімделіп қана қоймай, мемлекеттік биліктің жаңа институттарын енгізуге байланысты нормалармен толықтырылды. Сонымен қатар бұрынғы заңнан алынған нормалар едәуір жетілдіріліп, редакциялық тұрғыда жаңартылды”, – деді депутат.
Заң жобасы қаралған соң депутаттар оны бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымға дайындау үшін парламент палаталарының бірлескен комиссиясын құрды.
Комиссия құрамына мәжіліс тарапынан Жанарбек Әшімжанов, Серік Ерубаев, Павел Казанцев және Унзила Шапақ кірді.
Ал Сенаттан Бибігүл Жексенбай, Сергей Карплюк, Марат Қожаев және Андрей Лукин енді.
Комиссия төрайымы болып Унзила Шапақ сайланды.
Айта кетейік, бұған дейін "Қазақстан Республикасының президенті туралы" конституциялық заң жобасында вице-президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалғаны туралы жазған едік.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз