Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл жаңа COVID-19 емес": ДДСҰ басшысы хантавирусқа қатысты үндеу жасады

ДДСҰ хантавирус
Фото: ВОЗ/Пьер Альбуи

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Испанияның Тенерифе аралына барып, хантавирус тіркелген кемедегі жолаушыларды эвакуациялау процесін бақыламақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол Hondius экспедициялық кемесі бортында болған жолаушылар мен экипаж мүшелерін эвакуациялауды жеке қадағалайды. Бұл кемеде хантавирус таралуы тіркелген.

Алдын ала мәлімет бойынша, індеттен үш адам қаза тапқан, тағы алты адам жұқтыруы мүмкін. Барлығы 140-тан астам жолаушы мен экипаж эвакуацияланбақ.

Кеме 7 мамырдан бері Канар аралдарына қарай жүзіп келеді және 10 мамыр түнінде жетуі тиіс.

Осы жағдайға байланысты Тенерифеде порт қызметкерлері лайнердің портқа кіруіне қарсы наразылыққа шықты. Сол себепті Тедрос Адханом Гебрейесус жергілікті тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы арнайы үндеу жасады. Ол Тенерифе халқының алаңдаушылығын түсінетінін айтты.

“2020 жылғы COVID-19 пандемиясынан қалған қорқыныш әлі де бар, бірақ қазіргі жағдай оған ұқсамайды. Бұл – жаңа COVID-19 емес. Хантавирус бойынша қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіп әлі де төмен. Біз мұны анық айттық және қазір де қайталаймын", – деді ол.

Оның айтуынша, Hondius экспедициялық кемесі бортында вирус жұқтырған белгілері бар жолаушылар жоқ. Қазіргі тіркелген вирус – Андтық штамм, бұл ауыр ауру түрі болғанымен, Тенерифе тұрғындары үшін күнделікті өмірде жұғу қаупі төмен.

Кемеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маманы бар, медициналық қорлар дайындалған. Испания билігі жолаушыларды қауіпсіз түрде түсіру жоспарын әзірлеген: олар Гранадилья өнеркәсіптік порты арқылы арнайы оқшауланған көлікпен жеткізіліп, жергілікті тұрғындармен байланыссыз, тікелей өз елдеріне жіберіледі.

 "Сіздер олармен де, олардың отбасыларымен де байланысқа түспейсіздер", – деп сендірді Тедрос Адханом Гебрейесус.

Аймақтық билік Hondius экспедициялық кемесіне тек жағалау маңында зәкір тастауға ғана рұқсат берді. Жолаушыларды шағын қайықтармен жағалауға жеткізіп, одан кейін оларды әуежайға тасымалдау жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қытайда таралған жаңа аурудан бір адамның көз жұмғандығы жайлы айтылған еді. Ол жұмысқа бара жатқан автобуста бақилық болыпты, сол себепті көз жұмған азаматпен бірге кетіп бара жатқан жолаушылар дәрігерлердің бақылауына алынған.

"Хантавирус коронавирус секілді эпидемияға айналмайды. Себебі ол адамнан адамға таралмайды. Қалың жұрт коронавирустың өршігуіне байланысты қатты алаңдағаны түсінікті", - дейді сарапшы. 

Десек те ол хантавирус коронавирусқа қарағанда әлдеқайда ауыр дерт түрі екендігін атап өтіп, одан көз жұмғандардың саны көп екендігін жеткізді. Айтуынша, бұл аурудың алдын алау оңай көрінеді. Ол үшін тек ауру таратушы кеміргіштермен күрес жүргізсе болғаны. Сол себепті хантавирустың жаппай індетке айналуы екіталай екен.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 10 Мамыр, 2026 10:09