Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасын қолдау орталықтарының желісі кеңеюде": Аида Балаева қазақстандықтарды Аналар күнімен құттықтады

Аида Балаева аналар күні
Фото: facebook.com/aida.balayeva.2025

Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды елімізде мамыр айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Аналар күнімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аида Балаева өз құттықтауында аналардың қазақстандық қоғамдағы ерекше рөлін және отбасылық құндылықтардың маңызын атап өтті.

Министр қазақ дүниетанымында ана бейнесі қашанда айрықша қастерлі екенін атап өтті. Ананың ақылы мен өнегесі, сабыры мен мейірімі арқылы ұрпақтан ұрпаққа құрмет, ізет, жанашырлық, жауапкершілік сияқты асыл құндылықтар жалғасып келеді. Бұл құндылықтар – халқымыздың рухани тұтастығы мен елдігіміздің берік негізі дейді ол.

“Бүгінде Қазақстанда ана мен баланы, отбасы институтын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік қолдау шаралары жетілдіріліп, мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігі артып, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесі нығайтылуда. Әйелдердің еңбек етуіне, кәсіби дамуына және отбасылық міндеттерімен үйлесімді өмір сүруіне жағдай жасалып келеді”, – деді министр.

Сондай-ақ Аида Балаева жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыратын бастамалар қолға алынғанын айтты. Отбасын қолдау орталықтарының желісі кеңейіп жатыр. 

“Сонымен қатар он жылдан астам уақыт бойы консультативтік-кеңесші орган ретінде Аналар кеңесі де маңызды жұмыс атқаруда. Осы айтулы күні барша аналарға даналығы, төзімі, мейірімі мен ақ ниеті үшін шын жүректен алғыс айтамын. Аналарымыз аман, шаңырақтарымыз шаттыққа толы болсын”, – деп тілегін айтты Аида Балаева.

Stan.kz
Жексенбі, 10 Мамыр, 2026 12:15