Алматыда 4,5 миллиард теңге жымқырған "Айс Мұратова" мен тағы он екі туысы сотталды

Алматыда Қытайдан тауар жеткіземін деп жүздеген адамды алдаған кәсіпкер Арайлым Қажымұратоваға қатысты үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласында өзін Қытайдан тауар жеткізуші ретінде таныстырған кәсіпкер Арайлым Қажымұратоваға қатысты сот үкімі шықты. Әлеуметтік желіде "Айс Муратова" атымен танылған “бизнес-вумен” адамдарға жиһаз, тұрмыстық техника және ыдыс-аяқты көтерме бағамен жеткізіп беруге уәде еткен.
Ол негізінен бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлермен жұмыс істеп, тиімді ұсыныстар арқылы сенімге кірген. Клиенттер ақшаны оның және туыстарының есепшоттарына аударып отырған. Алайда уәде етілген тауарлар жеткізілмей, жиналған қаражат жымқырылған.
Тергеу мәліметінше, келтірілген жалпы шығын көлемі 4,5 миллиард теңгеден асқан. Іс бойынша 290 адам жәбірленуші деп танылды. Сот процесі алты айдан астам уақытқа созылған.
Сот шешімімен Арайлым Қажымұратова 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу бір жылға шегерілді. Сонымен қатар ол жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Іс бойынша тағы 12 адам сотталды. Олар әлеуметтік желілерді жүргізіп, клиенттерді тартумен айналысқан және қоймада жұмыс істеген. Сот оларды 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды.
Жәбірленуші Айгүл Мақанованың айтуынша, келтірілген шығын әлі толық өтелмеген.
"Келтірілген шығын өтелген жоқ. Олар бізді қалай тартты? Қытай мен Түркиядағы зауыттармен тікелей жұмыс істейміз деді. Ал шын мәнінде, тауарды базардан алып, бізге алдап отырған. Барлығы туыс болып шықты. Ақшаны саяхатқа жұмсап, ешқандай есеп жүргізбеген. Халықтың ақшасын бей-берекет шашқан", – деді Айгүл Мақанова.
Еске салайық, бұған дейін өзін Айс Мұратова деп таныстырған келіншекке қатысты еліміздің әр өңірінен мыңдаған адам шағымданғаны хабарланған еді. Жәбірленушілердің айтуынша, ол Қытайдан арзан бағада тауар жеткізіп беремін деп сендіріп, әлеуметтік желі арқылы сенімге кірген. Алғашында шағын тапсырыстарды орындап, кейін ірі сомада қаржы жинаған соң байланысқа шықпай кеткен.
Ресми деректерде аталған істен 5 мыңнан аса адам зардап шегіп, келтірілген шығын көлемі шамамен 30 миллиард теңгеге жеткені айтылған. Сонымен қатар, бұл оқиғаға ұқсас L-Capital ісінде де мыңнан астам салымшы миллиардтаған теңгеден айырылғаны белгілі болған.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз