"Мен өлгеннен кейін айт": Тарихшы Бауыржан Момышұлының атақ алуына Сағадат Нұрмағанбетов қарсы болғанын айтты

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, адамзат тарихындағы ең қанды соғыстардың бірі — Ұлы Отан соғысы басталды. Төрт жылға созылған бұл сұрапыл майдан миллиондаған адамның өмірін жалмап, тарих бетінде өшпес із қалдырды. Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл толды. Қазақстанға соғыстың салдары қандай болды, бүгінде қанша ардагеріміз бар және олардың жағдайы қалай? Жеңіс күніне арналған әскери парадтардың Мәскеуде өту себебі неде? Біз көп біле бермейтін тарихи деректердің сырын Stan.kz тілшісі мамандармен бірге ашуға тырысты.
Соғыстың шығу себептері
Соғыстың негізгі себебі — Адольф Гитлер бастаған фашистік Германияның әлемді бағындыру саясаты еді. Гитлер неміс ұлтын "үстем ұлт" ретінде танытып, өзге мемлекеттерді күшпен жаулап алуды мақсат етті.
Фото: ЖИ1939 жылы Германия Польшаға басып кіріп, артынша Еуропадағы бірнеше мемлекетті жаулап ала бастады. Осы әрекеттер Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себеп болды. Сол жылы Германия мен КСРО арасында шабуыл жасамау туралы келісім жасалғанымен, кейін Гитлер оны бұзып, Кеңес Одағын басып алу жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Бұл жоспар "Барбаросса" операциясы деп аталды. Неміс басшылығы КСРО-ны қысқа мерзімде жеңеміз деп ойлады, алайда кеңес халқының қарсылығы олардың жоспарын күл-талқан етті. Тарихшы Ғабиден Жәкейдің айтуынша екі ел бір бірімен келісімге келгенімен, үнсіз сағысқа дайындалған дейді.

Германия мен КСРО арасында шабуыл жасамау туралы келісім жасалғанымен екі тарап та үнсіз соғысқа дайындалды. Майдан басталған алғашқы жылы Сталин 10 күн күйзеліске түсіп үйінен шықпай қалған. Соғыстың жылдам басталғаны соншалық, КСРО оған дайын емес еді, алайда Гитлер өзі күткен нәтижеге қол жеткізе алмады. Біздің армия үлкен қарсылық көрсетті, немістер олардың алдында осындай мықты қарсылас болады деп күткен жоқ еді. Сонымен соғыс ұзақ төрт жылға созылды , – дейді тарихшы.
Ұлы Отан соғысының кезеңдері
Бірінші кезең (1941–1942)
Соғыстың алғашқы жылдары өте ауыр болды. Германия әскері Литва, Латвия, Эстония, Беларусь, Украина және Молдова жерлерін басып алды. Неміс әскерінің басты мақсаты — Мәскеуді алу еді.
1941 жылдың қыркүйегінде Ленинград жаулау басталып, қала 872 күн бойы қоршауда қалды. Соған қарамастан, кеңес әскері жаудың бетін қайтарып, Мәскеуді қорғап қалды. Осылайша "Барбаросса" жоспары сәтсіздікке ұшырады.
Соғыс басталған кезде әскер құрамында көбіне орыстар болатын. Кейін олар тұтқынға түсіп, Мәскеуді жау қолынан аман алып қалған қазақтар еді. Мәскеу үшін болған шайқастарда генерал И. Панфиловтың басқаруындағы атақты 316 атқыштар дивизиясы үлкен рөл атқарды. Дубосеково разъезіндегі неміс танктерін тоқтатқан 28 панфиловшының ерлігі бүкіл әлемге аян, – дейді тарихшы.
Екінші кезең (1942–1943)
Бұл уақытта Кеңес Одағы әскери күшін күшейтіп, өндіріс пен қорғаныс саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Майдандағы ең маңызды шайқастардың бірі — Сталинград шайқасы болды. Аталған шайқаста кеңес әскері үлкен ерлік көрсетіп, неміс армиясына ауыр соққы берді. Мыңдаған техника жойылып, фашистік әскер әлсіреді. Сталинградтағы жеңіс соғыстың әрі қарайғы бағытын түбегейлі өзгертті.
Үшінші кезең (1943–1945)
Осы кезеңде Қызыл Армия шабуылға шығып, батысқа қарай жылжи бастады. Кеңес әскері Украина, Беларусь және Балтық жағалауын азат етіп, Берлинге дейін жетті.
Соғыс кезінде партизандық қозғалыс та кең өріс алды. Мыңдаған адамдар жау тылында күрес жүргізіп, теміржолдарды жарып, байланыс жүйелерін бұзып отырды. Ақырында, 1945 жылдың 8 мамырында Германия толық жеңілгенін ресми түрде мойындады.
Фото:ЖИСоғыстың зардаптары
Ұлы Жеңіс оңай келген жоқ. Соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмады, қалалар мен ауылдар қирады. Ел халқы аштық пен жоқшылықты бастан өткерді. Әйелдер жесір қалып, балалар жетім атанды.
Соған қарамастан, кеңес халқы өз жерін қорғап қалды. Жеңіс КСРО-ның халықаралық беделін арттырып, оны әлемдегі ірі державалардың біріне айналдырды. Бүгінде жыл сайын 9 мамырда Жеңіс күні аталып өтіп, майдангерлердің ерлігі құрметпен еске алынады.
Қазақстанның соғыс жылдарындағы үлесі
Қазақстан халқы да Ұлы Отан соғысына үлкен үлес қосты. Майданға 1 миллионнан астам қазақстандық аттанды. Одан бөлек жұмыс істеп, қорғаныс өнеркәсібін дамытуға атсалысты.
1941 жылдың күзінде Украина, Белоруссия, Ленинград және Мәскеу кәсіпорындары Қазақстанға көшірілді. Украина республикаға 70-ке жуық, Мәскеу 40-қа жуық зауыт, фабрика, электр станцияларын, механикалық шеберханаларын көшірді. Қазақстанға барлығы 220 фабрика, зауыт келіп, өнім шығара бастады. Алматы, Орал, Петропавл, Шымкент, Семей, Қарағанды, Ақтөбе эвакуацияланған зауыттар мен фабрикаларды орналастырудың негізгі аудандарына айналды. Республиканың жұмысшы табының қатарына 3200 кенші, 2000 Донбасс шахтасының құрылысшылары, Воронеж және Луганск қалаларынан 2000-ға жуық машина жасаушылар, елдің орталық аудандарынан 7 мыңға жуық инженерлік-техникалық мамандар қосылды. Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан майданның басты арсеналдарының біріне айналды. 1942 жылдың өзінде республика бүкілодақтық қорғасын балқытудың 85% - дан астамын, 90% мысты, жалпыодақтық көмір өндірудің 1/8% - ын, елде өндірілетін молибденнің 60% - ын, мыстың 30% - ын, полиметалдардың 70% - ын берді. Соғыс жылдары Қазақстан 4829 мың тонна астық, 1193 мың тоннадан астам қант қызылшасын, 600 мың тонна ет берді. Сонымен қатар, республиканың малшылары Қызыл Армияға 110 мың жылқы берді, бұл 10-нан астам кавалерия дивизиясын жабдықтауға мүмкіндік берді.

Соғыс жылдары 497 қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, көптеген жауынгерлер орден-медальдармен марапатталды.Тарихшы Ғабиден Жәкейдің айтуынша Бауыржан Момышұлының атақ алуына Сағадат Нұрмағанбетов қарсы болды дейді.
Қасым Қайсенов маған көзі тірісінде бір аманат айтып кеткен еді. Ол: "Мен дүниеден өткен соң осыны айт", — деген болатын. 1965 жылы Мәскеуден комиссия келді. Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевқа совет одағының батыры атағын берейік деп. Бәрі келісті тек бір адам қол қоймай қойды дейді. Ол — Сағадат Нұрмағанбетов болды. Кейін бұл мәселе қайта көтерілгенде, “қайтыс болған адамға атақтың не қажеті бар?” деген пікір айтылды", — дейді тарихшы.
Жеңіс мерекесі қалай тойланады?
1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін алғашқы жылдары Жеңіс күні кең көлемде аталып өте қойған жоқ. 1946 және 1947 жылдары Мәскеуде әскери парад ұйымдастырылғанымен, кейін бұл мерекеге аса мән берілмей қалды. Тарихшылар мұны биліктің халық назарын соғыс жеңісінен гөрі Сталиннің жеке беделін күшейтуге бағыттауымен байланыстырады.
Ал 1965 жылы билікке Леонид Брежнев келгеннен кейін “Жеңіс күні” қайтадан мемлекеттік деңгейде кеңінен тойлана бастады. Осы кезеңде "Ешкім ұмытылмайды, ештеңе ұмытылмайды" ұраны кең таралып, соғыс ардагерлерінің ерлігі мен майдан тарихын насихаттауға ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде Жеңіс күні кеңестік идеологияның маңызды символдарының біріне айналды. Кейбір тарихшылар мен саясаттанушылар қазіргі "жеңіс культінің" негізі дәл осы кезеңде қалыптасты деп есептейді.
Саясаттанушы Дос Көшім 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін Қазақстанда кеңестік кезеңнің символдарына қатысты көзқарас айтарлықтай өзгергенін айтады. Оның пікірінше, "Бессмертный полк" шеруі мен георгий лентасы Ресейдің империялық және идеологиялық саясатымен тығыз байланысты. Соған қарамастан, бұл тақырып Қазақстан қоғамына да әсер етпей қалған жоқ.

Кеңес үкіметі туралы айтылғанда, көп жағдайда оған "орыс үкіметі" деген сипат берілді. Тіпті сол кезеңде әскери техника немесе қару-жарақ туралы сөз болғанда "кеңестік қару" емес, "орыс қаруы" деген тіркес жиі қолданылатын. Сондықтан "Бессмертный полк" пен георгий лентасы Ресей тарихымен және оның державалық саясатымен астасып кетті. Осы себепті көптеген мемлекеттер бұл символдардан бас тартты, кейбірі тіпті тыйым салды. Ал Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан секілді елдерде мұндай қарсылық бірден байқалған жоқ. Соның салдарынан қоғамда екі түрлі көзқарас қалыптасты. Бір жағынан, халық соғыстың ауыртпалығын бірге көтергенін, ата-бабалары майданға қатысқанын ескеріп, бұл тақырыпқа қарсы шығуды орынсыз көреді. Екінші жағынан, жұртшылық бұл шаралардың Ресейдің идеологиялық құралына айналғанын байқап отыр. Сондықтан оған қатысқысы келмейтін адамдар да көбейді, – дейді Дос Көшім.
Саясаттанушы бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің әрқайсысы Жеңіс күнін өз елінде атап өткен дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, бұл тарихи жеңістің тек бір мемлекетке емес, барлық халыққа ортақ екенін көрсетеді дейді
Егер Қазақстан өз әскери парадын ұйымдастырып, Жеңіс күнін өз деңгейінде атап өтсе, мен оны толық қолдаймын. Ең бастысы, Ұлы Отан соғысындағы жеңісті өзіміздің ел ретінде дәріптеуіміз қажет. Бұл саяси тұрғыдан да дұрыс қадам болар еді. Сондай-ақ әскери парадтар Отан қорғаушылардың дайындығын, мемлекеттің қорғаныс күшін көрсету үшін өткізіледі. Мұндай шаралар көптеген елдерде бар және оның идеологиялық маңызы да зор. Ал барлық мемлекет басшыларының Мәскеуге жиналуы Жеңісті тек Ресейдің жетістігі ретінде көрсететіндей әсер қалдырады. Бұл дұрыс емес. Әр мемлекет — Қазақстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Украина, Грузия және басқалары — Жеңіс күнін өз жерінде атап өткен жөн. Сонда ғана бұл жеңістің бүкіл Кеңес Одағы халықтарына ортақ болғаны айқын көрінеді, – дейді Дос Көшім.
Ресми мәлімет бойынша, бүгінде Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 57 ардагер бар. Оның 14-і Алматы қаласында тұрады. Соның бірі - 104 жастағы ақсақал Зұлқарнай Сейітов. Ең қарт майдангерлердің бірі.

20 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Сталинград шайқасына қатысқан. Кейін Беларусь пен Польшаны азат етіп, Берлинге дейін жеткен. Бүгінде естуі нашарлағанмен мүдірмей сөйлеп, өздігінен жүріп-тұра алады.Қос ұлынан бес немере, сегіз шөбере сүйіп отырған қария бейбіт өмірдің қадірін жастар терең түсінсе дейді.
Мен тоғызыншы сыныпты бітірген соң, 20 жасымда соғысқа аттандым. Жастайымнан қолыма қару алып, ел қорғауға тура келді. Аман қалғаным — ең алдымен Алланың сақтағаны. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Қазақстан ешқашан соғыс көрмесін. Бүгінде Украина мен Ресей арасындағы соғысты көріп, жүрегім ауырады. Елдің амандығынан артық ештеңе жоқ", — дейді Зұлқарнай Сейітов.
Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?