"Бұл бүтін бір отбасын қырып салуға себеп пе?" Атырауда сотта марқұмдардың туысы Сәрсемалиевтің нұсқасын жоққа шығарды

Атырауда төрт адамның өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот отырысында қаза тапқандардың туысы Шилмағамбетова сөз сөйледі. Оның айтуынша, отбасында алғашқы күдік ағасы Мақсот Қарабалинге тиесілі мал сатыла бастағаннан кейін пайда болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “АқЖайыққа” сілтеме жасап хабарлайды.
Шилмағамбетованың сөзінше, ол ағасымен ұялы байланыс арқылы хабарласа алмаған, телефоны өшірулі болған. Алайда WhatsApp арқылы хабарламалар келіп тұрған.
Ол былтыр қараша айынан бастап Сұлтан Сәрсемалиев Наурыздың атынан туыстарына хат жазғанын айтты. Оның сөзінше, айыпталушы Наурыздың атынан Нәсіп Утешқалиеваның аяғы ауырып, оны емдету үшін Ташкентке алып бара жатқанын жазған. Сондай-ақ ол емге кететін шығынға байланысты отбасы малын сата бастағанын түсіндірген.
Адвокаттың сұрақтарына жауап берген Шилмағамбетова Ақбаян Мұқанғалиеваның күйеуінен таяқ жегені туралы ешқашан айтпағанын жеткізді.
“Мен одан “Ойлан, неге кетіп бара жатырсың, бесінші балаңа жүкті емессің бе?” деп сұрадым. Ол Сұлтанның басқа әйелмен төсекте жатқан суреті жіберілгеннен кейін ажырасуға шешім қабылдағанын айтты”, – деді ол сотта.
Сондай-ақ марқұмдардың туысы айыпталушының Наурыз Мұқанғалиеваны қасақана өлтірмедім деген нұсқасымен келіспейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Наурыз жанжалды өзі бастап, арандататын адам болмаған.
ОқыңызШилмағамбетова Сәрсемалиевтің алдын ала тыңдауда айтқан тағы бір мәлімдемесіне де тоқталды. Айыпталушы қылмысқа Ақбаянның туыстарының олардың қарым-қатынасына араласуы себеп болды деген еді.
“Бұл бүтін бір отбасын қырып салуға себеп бола ма?” – деді ол сотта.
Мән-жайы
Еске салайық, тергеу нұсқасы бойынша Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының туыстарын өлтірді деп айыпталған. Бұған дейін ол үш адамды қасақана өлтіргенін мойындағанымен, Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі бойынша қасақана кісі өлтіру айыбымен келіспей, оның абайсызда қаза тапқанын мәлімдеген.
Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың қараша айында із-түзсіз жоғалып кеткен.Көршілерінің айтуынша, алдымен ұлы жоғалып, кейін бүкіл отбасы медициналық көмек алу үшін кеткен деген ақпарат тараған. Алайда 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы сарайдан көмілген күйде табылды. Туыстары ұзақ уақыт бойы полицияға жүгінбеген, себебі 32 жастағы ұлдың атынан хабарламалар келіп тұрған. 2026 жылдың ақпан айының соңында Қазақстан ІІМ Индонезияда күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Сол жерден отбасының кенже қызы да табылған. Кейін Ақбаян Мұқанғалиеваға стационарлық кешенді сот-психологиялық және сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Күдікті ұсталғаннан кейін кінәсін мойындап, отбасының басқа мүшелерінің мәйіттері жасырылған орындарды көрсеткен. Қайта жүргізілген тергеу әрекеттері кезінде Атыраудағы үй ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды.
Кейін Жангелдин ауылында Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның балалары 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев пен 35 жастағы Мейрамгүл Қарабалинаны жерлеу рәсімі өтті. Олар ата-аналарының жанына жерленді. Аталған іс бойынша сот процесі Атырау қаласында 2026 жылғы 18 мамырда басталды.