Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы бір отбасының өлімі: Ақбаянның психикалық сараптамасының нәтижесі белгілі болды

Ақбаян Мұқанғалиева сараптама
Фото: Ішкі істер министрлігі

Атырау облысындағы отбасының кісі өлтіру ісіне байланысты Ақбаян Мұқанғалиеваға жасалған психологиялық-психиатриялық сараптаманың алғашқы нәтижелері шықты. Мамандар оның жағдайын толық анықтау үшін қосымша тексеріс қажет екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақбаян Мұқанғалиева – негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы әйелі және қаза тапқан зейнеткерлердің қызы. Ол психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтті.

Сараптама қорытындысына сәйкес, мамандар Ақбаян Мұқанғалиеваға әрі қарай бақылау жүргізу және қосымша диагностика қажет екенін атап өтті. Ал оның психикалық жағдайы туралы түпкілікті қорытынды әлі берілген жоқ.

Оған қатысты материалдар қылмыс туралы хабарламағаны жөніндегі бап бойынша жеке іс жүргізуге бөлінген.

Бастапқыда әйелді өз ата-анасы мен ағасының қатыгездікпен өлтірілуіне қатысы бар деп күдіктеген. Алайда кейін тергеу оның бұл қылмысқа тікелей қатыспаған деген қорытындыға келген.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Stan.kz
Жұма, 29 Мамыр, 2026 14:43