"Бәрін бірдей емес": Тоқаев ЕАЭО-ға қатысатын елдерді мұқият таңдауға шақырды

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтуде. Шарада Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, ЕАЭО экономикасы өсімін сақтап отырғанын жетізді. Сонымен қатар, одақ елдерінің саудасы мен ЖІӨ көрсеткіштеріне қатысты жаңа болжамдарды айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысының айтуынша, 2026–2027 жылдары ЕАЭО елдерінің жиынтық ЖІӨ өсімі шамамен 2,5% деңгейінде болуы мүмкін.
"Әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық пен құбылмалылыққа қарамастан, өткен жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда көлемі 6%-дан астам өседі деп күтіліп отыр. Бұл 100 миллиард долларлық межеден асуға мүмкіндік береді", – деді Тоқаев.
Алайда президент халықаралық ұйымдардың жаһандық экономикаға қатысты болжамдары көңіл көншітпейтінін де атап өтті. Айтуынша, халықаралық валюта қорының есебіне сәйкес, 2026 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3%-ға дейін баяулауы мүмкін. Бұл өз кезегінде одақ экономикасының дамуына да әсер етеді.
Шарада Беларусь президенті Александр Лукашенко да сөз сөйледі. Ол Еуразиялық экономикалық форум барысында ЕАЭО аясындағы бірқатар маңызды реформалардың әлі де аяқталмағанын сынға алды. Айтуынша, одақ елдері ортақ қаржы нарығын құру, саудадағы кедергілерді жою және электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану мәселелерін әлі толық шешпеген.
"Жасанды интеллект туралы айтып жүрміз, ал ЭЦҚ мәселесін кейінге қалдырып қойдық. Біз 12 жыл бұрын терең экономикалық интеграцияға келіскен болсақ, онда барлық мақсаттарды уақытында жүзеге асыруымыз керек. Интеграцияны дамыту үшін барлық мүше елдерден, соның ішінде Ресейден де нақты қадамдар қажет. Сонымен қатар ол ЕАЭО аппаратын жұмысты жандандырып, нақты нәтижелерге көбірек көңіл бөлуге шақырамын. Интеграциялық процестерді дамыту туралы декларациялар мерзімін созбай, түрлі себептерге сілтеме жасамай жүзеге асырылуы тиіс", — деді Лукашенко.
Мемлекет басшысы Тоқаевтың пікірінше, Одақтың Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланыстарын одан әрі кеңейту қажет.
“Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс басқа да қызмет бағыттары сияқты назар аударуға лайық. Менің ойымша, шағын құрамдағы кездесуде Беларусь Президенті өте дұрыс ұсыныс айтты. Еркін сауда аймағын құратын серіктестер де, сондай-ақ байқаушы мәртебесіне ие болатын елдер де мұқият таңдалуы қажет. Яғни бәрін бірдей емес, шын мәнінде белгілі бір талаптарға сай келетін және Еуразиялық экономикалық одаққа пайда әкелетін елдерді қабылдау керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО аясында Қазақстан мүше мемлекеттердің экономикалық әлеуетін күшейтуге және ұйымның дамуына қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты. Ол бірлескен жұмыстың арқасында одақ ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруға болатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы жаһандық экономика өзгеріп жатқан тұста жаңа технологиялар мен цифрландыруға бейімделу негізгі басымдық екенін жеткізді. Оның айтуынша, жасанды интеллект, робот техникасы және басқа да жаңа салалар алдағы жылдары үлкен экономикалық мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ Тоқаев ЕАЭО елдерінде өндіріс пен ауыл шаруашылығын цифрландырудың маңызын ерекше атап өтіп, Қазақстан бұл бағытта ауқымды реформалар жүргізіп жатқанын айтты.
Оқыңыз