Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тарихи мүмкіндікті мүлт жібермеуіміз қажет": Тоқаев ЕАЭО елдеріне үндеу жасады

Президент

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев өз сөзінде ЕАЭО жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі екенін атап өтті. 

“Еуразия экономикалық форумы еуразиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диалогтың тиімді алаңы ретінде кеңінен танылған. Бүгін ортаға салған идеялар, бастамалар мен ұсыныстар Интеграциялық одақ аясындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. ЕАЭО – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі екенін түсінген жөн", – дейді Тоқаев. 

Мемлекет басшысы геосаяси дүрбелеңдер кезеңінде өтіп жатқан форумның өзектілігіне назар аударды. 

"Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біздің алдымызда Еуразия экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр. Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақтарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай "ойын ережесін" толықтай жаңартады”, – деді президент. 

️Тоқаев жасанды интеллект технологияларының көз ілеспес жылдамдықпен дамуы жаһандық экономикаға ықпал ететін іргелі факторға айналып үлгергенін атап өтті. 

"Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. Бұл жаңа технологиялық қалыптың түзілуіне алып келеді. Соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиясының енгізілуіне қарай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Демек, шартараптағы жүздеген миллион адам жаппай білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс. Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болады”, – дейді Тоқаев. 
Форум
Фото: akorda.kz

Президент өз сөзінше Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жасалып жатқан жүйелі қадамдарға тоқталды.

"Қазақстан "ақылды" платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізуде. Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне баса мән береміз. Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітілді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, деректерді заңсыз жинауға, өңдеуге, пайдалануға тыйым салынды. Мұны, шын мәнінде, өте маңызды конституциялық міндет деп санаймыз. Институционалдық негізді нығайтып, инновацияны кешенді түрде  енгізу мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды”, – деді мемлекет басшысы. 

Тоқаев Қазақстанның жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті. 

“Мақсатымыз – дербес білім беруге ден қоя отырып, педагогтердің біліктілігін арттыру, инфрақұрылым мен оқу стандарттарын дамыту. Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық", – деді Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО аясында жасанды интеллект технологиясын енгізуге қатысты бірқатар ұсыныс айтты. 

"Менің ойымша, жаңа технологияларды, әсіресе, жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейткен жөн. Бұл нақты уақыт режимінде барлық құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді. Электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі. Өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде жасанды интеллектінің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың практикалық маңызы зор. Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізуге басымдық беру қажет", – деді президент. 

️Мемлекет басшысы жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы "цифрлық алшақтыққа" себеп болмауы керегін баса айтты. 

"Жаңа технологияларды белсенді әрі жан-жақты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикасының қарқынды дамуына септігін тигізетін аса маңызды фактор деп санаймын. Сонымен қатар жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы "цифрлық алшақтыққа" себеп болмауы керек. Керісінше, ол елдеріміздің экономикаларын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс. Жаңа технологиялық және экономикалық қалып негізінде қайта құрылып жатқан әлемдік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерімізге бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Келешектегі позициямызды нығайту үшін оны ұтымды қолданған жөн. Біз осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермей, барынша пайдалануға міндеттіміз", – деді Тоқаев. 

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев пен Путин достық пен тату көршілік туралы маңызды құжатқа қол қойғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 21:39