Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев пен Путин Астанада ресейлік "Сириус" мектебінің құрылысын бастап берді

Тоқаев пен Путин
Фото: akorda.kz

Қазақстан мен Ресей президенттері Астанадағы "Сириус" мектебінің құрылысын бастап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақорданың мәліметінше, Тоқаев пен Путин онлайн-форматта "Қазақстан – Сириус" халықаралық білім беру инфрақұрылымының капсуласын салу рәсіміне қатысты.

“Келешек кешеннің іргетасына рәміздік капсуланы елордалық оқушылар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен, "Сириус" федералдық аумақ кеңесінің төрағасы, "Талант и успех" қорының жетекшісі Елена Шмелёвамен бірге салды. "Қазақстан – Сириус" жобасы мемлекеттер басшыларының уағдаластығына сай іске асырылып жатыр”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

"Сириус" моделі бойынша мектептер Қазақстанның екі қаласында салынады. Астанамен қатар биыл қаңтар айында Алматы қаласында да мектеп пен орталықтың іргетасы қаланған.

“Жобаның мақсаты – дарынды балаларды қамқорлыққа алып, ғылым, технология және инновация салаларын терең меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеп шығару”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, 2026 жылдың қаңтарында Алматыда еліміздегі алғашқы ресейлік мектептің құрылысы басталғаны туралы жазған едік. Ал 2026 жылдың сәуір айында елімізге келген Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстандағы тағы үш ресейлік мектеп салынатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей бірлесіп алты мектеп салу туралы келісімге келген, үш ресейлік мектеп Қазақстанда, дәл сондай үш қазақ мектебі Ресей аумағында салынбақ.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 18:29