Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт тілде еркін сөйлейтін қазақстандық жігіт ауылда мал бағып жүр

ауылдық жішіт ағылшын тілін меңгерген
Фото: Жеке архивінен

Желіде ағылшынша еркін сөйлейтін ауыл баласының видеолары көпшілікті тәнті етіп жүр. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, 22 жастағы Әділет Сапарғали ағылшын тілін бірде-бір курсқа бармай, ауылда мал бағып жүріп-ақ меңгерген. Қарапайым отбасынан шыққан жігіт ақылы курсқа қатысуға мүмкіндігі мен айналасында ағылшын тілінде сөйлейтін орта болмағанын айтады. Қызығы ол онлайн ойын арқылы шетелдіктермен сөйлесіп, тіл деңгейін жоғары дәрежеге жеткізген. Әлеуметтік желіде осыншалық танымал боламын деп күтпеген Әділет мұндай қызығушылықтың өзін де таңғалдырғанын айтады. Ол Stan.kz тілшісіне ағылшын тілін қаражат жұмсамай қалай үйренгенін, ауыл балаларына қандай кеңес беретінін және болашақ жоспары туралы айтып берді.

“Әкем мал шаруашылығымен айналысады, анам тазалықшы. Ағылшын тілі ортам онлайн ойын болды”

Әділет СҚО-дағы Шал ақын ауданы, Балуан деген ауылдан. Жігіт тіл үйренуді 10-сыныптан бастаған.

“Отбасым ауылдың қарапайым қазақы отбасы. Әкем егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысады. Ал анам мектепте тазалықшы болып жұмыс істейді. Жалпы олар тілді білмейді. Шыны керек, енді ауылдан шыққасын былай шетелге шығып көрмедік. Тіл үйренуге курстарға қатысатындай артық қаражат та болмады. Сол үшін ағылшын тілін үйренуді өзім бастадым. Әрине мектепте де үйрендік. Дегенмен оның көмегі тиді деп айта алмаймын. Себебі ауылдың қазақ мектебі үшін ағылшын деңгейін жақсы үйрететін мамандар тапшы”, – деді ол. 

Әділет пандемия кезінде ойнаған онлайн ойын өмірінде үлкен өзгерістерге жетелегенін жеткізді. 

“Солтүстік Қазақстанда қыста күн өте қысқа. Бұл кезеңде таңертең және кеште мал жайлаймын. Пандемия кезі болатын.  Сөйтіп бір күні онлайн ойын тауып алдым. Соған қызығушылығым артып, күніне 10-12 сағаттан ойнап жүрдім. Ал ол ойында ортамның бәрі ағылшын тілінде сөйледі. Мұнда тіпті қазақ тілі түгілі орыс тілін ешкім қолданбады. Сол кезде ағылшын ортасына толықтай кірген сияқтымын. Ол кезде деңгейім нөл болғандықтан әрдайым гугл аудармаға кіріп байланысқа шығып жүрдім. Кейін сәл үйрене бастап, ақырындап сөйлесіп бастадым. Солай кейін ағылшынша мультфильм, кино көре бастадым. 2 жыл ішінде деңгейімді нөлден B-2 деңгейіне дейін көтердім. Негізінде тіл үйренудегі мақсатым сол ойындағы достарыммен араласу еді”, – деп баяндады ол. 
 

“Ешқандай курссыз ойын арқылы: Ауыл балалары тіл үйрене алады”

Желі жұлдызы Әділет тіл үйренуге 6 жыл уақыт жұмсаған. Соны 4 жылында жақсы деңгейге жете алған. 

“Жалпы тіл үйренуге өте көп уақыт қажет. Мен өзімді, тілімді, ортамды, ағылшын тіліне 6 жыл ішінде аудара алдым. Бұл жолда әр адамда әр түрлі уақыт қажет болады. Менде 4 жылдай уақыт керек болды. Оданда тезірек нәтижеге жетуге болады немесе одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Қазір де мен тоқтамаймын. Өйткені ағылшын тілі адаммен әрдайым бірге болуы керек. Егер жоғары деңгейге жетсең, оны сақтау үшін де тоқтамау керек. Мен өзімнің тіл деңгейімді керемет мінсіз деп те айта алмаймын. Себебі мен де қате жіберемін. Әлі де ағылшын тілін үйреніп жүрмін”, – деп қосты ол. 

Осы тұста жігіт ауыл балаларына мойымай, алға қадам басуға кеңес берді. Айтуынша, курссыз-ақ тіл үйренуге болады. 

“Егер интернет жағынан мәселе болмаса мұны орындау оңай. Өзім секілді ауылда тұратын, курс алуға қаражат жағынан қиналатын балаларға айтарым, бірінші орта табыңыздар. Тіпті орта орта болмаса да өзіңе жасанды орта құруға болады. Мәселен фильмдер мен мультфильмдер көріп, түрлі видеолар көріп, түсінбесең де соның ішінде жүре берсең, аздап болсын оның көмегі тиеді. Өзім де еш курссыз солай үйрендім. Сондықтан қорықпаңыздар”, – деді ол. 

 "Бір сөмкемен бір айлық сапар: Күтпеген жерден келген танымалдық"

Әділет Еуразия ұлттық университетінде туризм мамандығын тәмамдаған. Қазір ол Түркияның Сакария қаласында осы бағыт бойынша білімін жалғастырып жүр.  

"Жалпы туризм саласына толықтай назарымды аударып, саяхаттап, осы бағытқа барынша үлес қосуға тырысып жүрмін. Ал ағылшын тілі – соның бір бөлігі. Былай өзім қосымша табыс табу үшін кішігірім ағылшын тілінен сабақ берем.
Негізі желіге видеоларымды түсіре бастаған кезімде саяхат туралы көрсеткім келген. Қаншама әлемнің түпкір-түпкірінде мәдениет барын, түрлі адамдарды, ерекше жерлерді, көрсеткім келді. Сол үшін бір күні бір ғана сөмкемді асынып, бір айға саяхатқа аттандым. Қазақстаннан – Қытайға, Қытайдан – Моңғолияға, Моңғолиядан – Ресейге, Ресейден – Қазақстанға қайтып келген кезде жүргіздім. Желіні Қытайға кірген кезде бір ай бұрын бастадым. Салғандарым осыншалықты адамдарға ұнап, танымал болады деп күтпедім. Алайда көбісі менің ағылшын тілімді көріп соған назар аударды", – деді ол.

Әділет халықаралық IELTS емтиханын да тапсырып, дайындығы мен уақытының аздығына қарамастан 7.0 балл алған.   

“Қазір көпшілік осы тіл туралы сұрақтар қояды, үйретші деп өтініш айтатындар бар. Мен ағылшын тілін білемін, бірақ оны өзімнің басты ісім ретінде қарамаймын. Дегенмен көпшілік сұрағандықтан жалпы тіл үйренудегі тәжірибем мен білімімді бөлісу ниетім бар.
Болашақта өзіме қойған мақсатым – барынша ауылдарды дамыту. Бірінші кезекте ауыл туризмі бойынша ауылдағы халықтың әлеуетін, ахуалын жақсарту. Ауылда тек мал шаруашылығы, егіншілікпен ғана емес туризммен қоса дамуын қолға алғым келеді. Одан бөлек, туризм бар жерде табиғатты ластау, қуаңшылық деген сияқты мәселелер туындап жатады. Осы жағына да назар салып, өзге адамдардың саяхаттауы оңай болуы үшін атсалысқым келеді”, – деп қорытты ол. 
Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 27 Маусым, 2026 09:00