Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тегін фотосессия жасап беремін": Қазақстандықтарға жаңа алаяқтық түрлеріне қатысты ескерту жасалды

Фотоаппарат
Фото: istockphoto.com

Ұлттық банк қазақстандықтарға жаңа алаяқтық түрлеріне қатысты ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық банк шұғыл қоңырау шалу үшін телефон сұрау немесе әдемі фотосуреттерді тегін түсіріп беру туралы ұсыныстар алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін екенін ескертеді.

Ұлттық банк мәліметінше, қазір жиі кездесетін тәсілдің бірі алаяқтардың "шұғыл қоңырау шалуым керек еді" деген сылтаумен көшедегі адамның ұялы телефонын сұрап алуы. Осы сәтте алаяқтар банк қосымшалары арқылы ақша аударып үлгеруі немесе құрылғыны қашықтан басқаруға арналған бағдарламаларды байқатпай орнатып жіберуі мүмкін. Мұндай бағдарламалар арасында HopToDesk, RustDesk, RuDesktop, AnyDesk, TeamViewer сияқты қосымшалар бар. 

“Мұндай бағдарламалардың көмегімен алаяқтар азаматтың телефонын қашықтан басқаруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет жасап, SMS-кодқа, мобильді қосымшаларға, мемлекеттік электрондық сервистерге және дербес деректерге оңай қол жеткізеді”, – делінген хабарламада. 

Тағы бір кең тараған алаяқтық түрі – көшеде "тегін фото немесе видео түсіріп беремін" деген ұсыныстар. Алаяқтар өздерін кәсібін жаңадан бастаған фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, "портфолио жинап жүрмін" деген сылтаумен қызметін тегін ұсынған болады, алайда олар осы желеумен азаматтардың биометриялық деректерін жинайды.

Ұлттық банк мәліметінше, қолға түскен фото-видеоматериалдарды кейін жасанды интеллект көмегімен дипфейк жасау үшін қолдануы мүмкін. Бұдан бөлек, мұндай материалдар түрлі алаяқтық схемаларда, соның ішінде жақындардан ақша аударуды сұрайтын жалған хабарламаларды тарату үшін де пайдаланылады. 

“Осындай алаяқтық әрекеттердің жиілеуіне байланысты Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Бейтаныс адамға телефон бермеген дұрыс. SMS-кодты, банк картасының деректемесі мен басқа да жеке мәліметтерді үшінші тарапқа айтпау керек. Еске сала кететін жайт, Ұлттық Банк қызметкерлері ешқашан аудио/видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді және ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейді”, – делінген хабарламада. 

Ұлттық банк алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес берді.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға WhatsApp-тағы алаяқтық туралы ескертілген еді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 26 Маусым, 2026 20:20