Фельдшерлердің мәселесін көтерген қазақстандық жындыханадан бір-ақ шыққанын айтты

Өмірбек Мұхаммад, Жеке архивтен
Түркістан қаласының 30 жастағы тұрғыны Өмірбек Мұхаммад Stan.kz тілшісіне фельдшерлердің мәселесін көтеремін деп, жындыханадан бір-ақ шыққанын айтты. Сөзіне сенсек, ол жедел жәрдем қызметкерлерінің мәселесі, зейнет жасы мен жалақылары талқыға салынған "103 | Qazaqstan" WhatsApp тобын ашқаннан кейін, құқық қорғау органдары тарапынан қысымға ұшыраған.
Өмірбек Мұхаммадтың жедел жәрдем қызметінде бес жылдық еңбек өтілі бар. Өзі медицина маманы болғандықтан, әріптестерінің кәсіби өміріндегі өзекті дүниелерді талқылайтын чат ашқанын айтады.
"Мен фельдшерлердің жылдар бойы шешілмей келе жатқан ауқымды мәселелерін жақсы білемін. Олардың әлеуметтік жағдайына байланысты, яғни зейнет жасын төмендету, баспана өтемақысын (квартирный) төлеу, айлық жалақыны көбейту, үстемеақы мен сыйақы секілді төлемдердің жоғары деңгейде берілуін талап еттім. Осы және өзге де өзекті мәселелерді көтеріп, 2025 жылдың қараша айында тиісті мемлекеттік органдарға eGov порталы арқылы ресми өтініштер жолдадым", — дейді Өмірбек.

Чаттың скриншоттары. Жеке архивтен
Бұрынғы фельдшер бұл мәселелерге назар аударту үшін тиісті мемлекеттік органдарға, атап айтқанда Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайға, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне ресми хат жолдағанын айтады. Ал танымал мессенджердегі "103 | Qazaqstan" тобын тек әріптестерімен пікір алмасу мақсатында ашқан. Оның сөзінше, топқа қысқа мерзім ішінде Қазақстанның әр өңірінен мыңға жуық жедел жәрдем қызметкері жиналған.
Өмірбек осы белсенділігінен кейін Түркістан қаласының полиция қызметкерлері төрт рет, ал қалалық әкімдік өкілі оның үйіне бір рет келіп: "Мына тірлігіңді қой, WhatsApp тобыңды жап" деген мазмұнда ескерту жасағанын айтты. Алайда ол ескерту елесей, өзінінің азаматтық ұстанымын жеткізгенін атап өтті. Оның сөзінше, Өмірбек ешқандай заңсыз іс-әрекет жасамаған, ондай ойы да, ниеті жоқ. Әріптестерін митингіге немесе заңсыз әрекеттерге шақырмаймын, мәселені тек ресми, заң шеңберінде шешкісі келетінін жеткізген.
Отбасына жасалған психологиялық қысым
Сонымен қатар, азаматтық белсенділік танытқан Өмірбектің сөзінше, соңына түскен екі белгісіз полиция қызметкері оның әкесінің жұмыс орнына да барған. Әкесі жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық станцияда тазалық қызметкері болып еңбек етеді екен. Өмірбек тәртіп сақшыларының өзінің үстінен арыз айтып, әкесіне барғанын да айтты. Қарияға ұлын райынан қайтарсын деп ескерткен екен. Тіпті “менен екі жылдан бері бөлек тұратын анамды да іздеп тауып, қысым көрсетті” деп отыр Өмірбек.
Кейіпкердің айтуынша, ол анасымен мүлдем араласпайды, тіпті телефонмен де сөйлеспейді. Анасы Түркістан облысының Отырар ауданында тұрады, ауыл мектебінде тазалықшы қызметін атқарады.
"Анамды “Сіздің балаңыз үкіметке қарсы шығып жатыр. Қазір екі жол бар: не балаңызды соттаймыз, не емделуге жібереміз. Осы екі нұсқаның бірін ғана таңдай аласыз, басқа мүмкіндік жоқ” деп қорқытқан. Содан кейін мені психиатриялық диспансерге еріксіз жатқызу үшін, анамның атынан мәжбүрлі түрде арыз жаздырып алған", – деп шағымданды Өмірбек.

Анасының арызы. Жеке архивтен
Құжатта көрсетілгендей, 2025 жылғы 5 желтоқсанда Анар Кенжеханова ұлы Өмірбек Мұхамед Әдібекұлының психикалық жағдайына қатысты e-Otinish платформасы арқылы арыз түсірген. Сол күні Анар Кенжеханованың өтініші бойынша полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандары Өмірбек Мұхамед Әдібекұлын Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізгені көрсетілген. Осылайша медициналық мекеме Өмірбекті психологиялық жағдайын жақсарту мақсатында емдеу үшін ауруханаға жатқызған.
Ал екінші құжатта Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының дерегімен 1995 жылы туған Өмірбек Мұхамед Әдібекұлы 2025 жылғы 5 желтоқсанда полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен орталыққа жеткізілгені көрсетілгенін. Ол Түркістан қалалық полиция басқармасына түскен арыз негізінде тексеруге жіберілген. Дәрігерлердің тексеруінен кейін оған "сандырақтық бұзылыс" (F22.0) диагнозы қойылған. Кейін комиссиялық тексеру де осы диагнозды растаған. Медициналық қорытындыға сәйкес, азамат 2025 жылғы 5 желтоқсаннан 12 желтоқсанға дейін психикалық денсаулық орталығында ем қабылдаған.
Экс-фельдшердің сөзінше, өзін диспансерге жатқызу үшін анасының арыз жазғанын да, ол арыздың мазмұнын да 37 күн бойы мүлдем білмеген. Бұл туралы тек жаңалық шыққаннан кейін ғана естіген. Ал анама психологиялық қысым жасалғанын кейін нағашы ағамнан білдім деп отыр.
"Шымкентте тексеріліп қайтасыз" деп алдаған
Арызды қолға түсірген тәртіп сақшылары Өмірбекті психиатриялық диспансерге орналастырудың амалына көшкен. Бәрі 2025 жылдың 5 желтоқсанында, сағат 14:30 шамасында басталды. Түркістан қаласының Кеңбайтақ көшесінде орналасқан Өмірбектің үйіне екі учаскелік полиция қызметкері келіп, осы іс бойынша түсініктеме беруін талап етеді. Олар бұған дейін жазылған жазбаша түсініктеменің жарамсыз екенін айтып, Өмірбекті полиция басқармасына жүруге көндірген.
"Ойымда ештеңе жоқ, телефонымды үйге тастап, жеке куәлігімді алып, есігімді құлыптап шықтым. Солардың сүйемелдеуімен басқармаға кеттім. Одан кейін Түркістан қалалық Полиция басқармасындағы екі жедел уәкілдің кабинетінде үш сағатқа жуық тергеуде болдым. Тергеу кезінде екі жедел уәкіл екі жақтан бір сұрақты бірнеше рет қайталап қойып, маған психологиялық қысым көрсетті. Олар “Сен халықты көтеріп жатырсың, үкіметке қарсы шығып жүрсің, жұртқа үгіт-насихат жүргізіп отырсың” деген мазмұнда айып тақты", — деп еске алады ол.
Өмірбек тергеушілердің таққан айыптарымен мүлдем келіспейтінін айтқан. Ол өзінің кінәсін немесе сөздерінің заңсыздығын дәлелдейтін нақты фактілерді, сот-филологиялық сараптамасының нәтижесін және бұлтартпас айғақтарды талап етеді. Егер шынымен заң бұзғаны туралы дәлел болса, жасаған ісін мойнымен көтеруге дайын екенін де жеткізген.
"Олар маған еш дәлел келтіре алмады. Тек айтылған тұжырымдармен шектелді"
Үш сағатқа созылған заңсыз тергеудің соңына қарай Өмірбектің жағдайы күрт нашарлап, басы айналып, жүрегі айни бастайды. Ол полиция қызметкерлерінен өзін үйіне жіберуді талап еткен. Кейіпкердің денсаулығына байланысты шағымынан кейін, полиция ғимаратына жедел жәрдем шақырылады. Медицина қызметкерлері келіп, оның қан қысымы мен қанындағы қант деңгейін тексереді. Өмірбек оларға таң атқаннан бері нәр татпағанын айтқан. Фельдшерлер жағдайын ескеріп, оны ауруханаға алып кетуді ұсынады. Әбден шаршаған Өмірбек бірден келісімін берген. Алайда жедел жәрдем көлігіне отырғаннан кейін, олар күтпеген бағытқа қарай жол тартады.
"Қайда бара жатқанымызды сұрағанымда, қасымызда алып жүруші болып отырған жедел уәкіл: “Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға тексеруге апара жатырмыз”, — деп жауап берді. “Не үшін? Менің тіркеуім Түркістанда ғой” дегенімде, “Шымкентте жақсылап тексеріліп қайтасыз” деп алдап, мені сендірді. Бірақ олар менің сол сәттегі дәрменсіз күйімді пайдаланып, Шымкент қаласына жете бергенде, өз еркімнен тыс, заңсыз түрде психиатриялық мекемеге бір-ақ жеткізді", — дейді Өмірбек.
"Не біз айтқан диагнозға көнесің, не шизофрения қыламыз"
Мекеменің бас дәрігері мен оның екі орынбасары Өмірбекті қабылдап, сұрақ-жауаптан өткізген соң, алдымен 48 сағатқа бақылау мерзіміне алады. Дәрігерлер: "Екі тәулік ішінде ешқандай ауытқу байқалмаса, өзіне және айналасына қауіп төндірмейтіні анықталса, үйіне босатамыз", — деп уәде беріп, келісімін алған. Өмірбек осы уақыт ішінде ешкімге зиян тигізбей, мекеменің барлық тәртіптік талаптарын мүлтіксіз орындағанын айтады. Алайда, 48 сағат өткеннен кейін дәрігерлер Өмірбекпен тағы бір сағаттай сұхбат жүргізіп, бұл жолы сөздері өзгере бастаған. Бұрынғы фельдшердің сөзінше, олар ашықтан-ашық психологиялық қысым жасауға көшкен.
"Маған: “Сен қай жерге келгеніңді білесің бе? Үкіметке талап қоятындай сен кімсің? Сен ҰҚК (КНБ) мен прокуратураның тікелей бақылауындасың”, — деген сияқты сөздер айтты. Одан кейін екі нұсқа ұсынды. Біріншісі — осы жерде 10–15 күн жатасың, біз саған жеңіл диагноз қоямыз және психиатриялық диспансерге есепке алмай шығарамыз деді. Ал егер бұған келіспесең, біз сені ертең таңертең босатамыз, бірақ сен “өз еркіммен емделуден бас тартамын” деп қолхат жазып кетесің деді. Ондай жағдайда біз сені сот шешімімен еріксіз түрде қайта алдырамыз, ол кезде диагнозың “шизофрения” болады және өмір бойына психиатриялық есепке алынасың деп қорқытты", — дейді Өмірбек.
Амалсыздан бірінші нұсқаға көнген ер адам 15 күнге емделуге келісімін береді. Алайда, уәде етілген жарты айдың орнына оны сыртқы әлемнен оқшаулап, ешкіммен сөйлестірмей, 37 күн бойы қамауда ұстаған. Өмірбек Мұхаммад тек 2026 жылдың 12 қаңтарында ғана бостандыққа шығып, алғаш рет әкесімен қауышқан.
"Жанармай әкеліп, өзімді өртеймін деді"
Өмірбектің айтуынша, егер жақындары араша түспегенде, дәрігерлер оны 37 күннен де көп уақытқа қамауда ұстай беруі әбден мүмкін еді. Оның босап шығуына жалғыз жанашыры — әкесі мен жақын досының жанқиярлық әрекеті себеп болған. Олар Өмірбекті босатпаған жағдайда өз-өзіне қол жұмсайтындарын айтып, заңсыздыққа қарсы төтенше қадамға барған.
"Дина есімді араласатын дос қызым бар. Мен психиатриялық ауруханада жатқан кезде бірнеше рет келіп, шу шығарды.Шымкент қаласының полиция қызметкерлерін де шақырды. Менің ол жерде заңсыз жатқанымды айтып, дереу босатуды талап етті. Тіпті, өзімен бірге жанармай әкеліп, “өзімді өртеймін, өлсем, өліміме сендер жауап бересіңдер!” деп талап қойды. Ал әкем: “Жасым 61-ге келді, жалғыз баламды босатыңдар, әйтпесе үйге барып асылып өлемін”, — деп мәлімдеді. Тек осыдан кейін ғана амалдары таусылып, мені босатуға мәжбүр болды", — дейді Өмірбек.
F22.0 диагнозы және психотроптық дәрілерден қалай қашқаны
Бұрынғы медицина қызметкерінің айтуынша, полиция қызметкерлерінің оны Түркістаннан Шымкенттегі психиатриялық ауруханаға заңсыз жеткізуіне негізсіз жазылған жалғыз арыз ғана себеп болған.
"Психиатриялық ұйымға мені орналастыру үшін бір ғана арыздың күші жеткілікті болғаны ма сонда? Неге ол арыз объективті түрде қаралып, алдын ала тексерілмейді? Істі зерттеп, зерделеп, тиісті куәгерлерден жауап алып, онда жазылған сөздерді нақты фактілермен, дәлелдермен растау керек қой?" — дейді Өмірбек ашынып.

Психиатриялық мекеме Өмірбек Мұхаммадқа Аурулардың халықаралық жіктемесіне (ХАЖ-10 / МКБ-10) сәйкес, F22.0 — "Сандырақтық бұзылыс" (Бредовое расстройство) деген диагноз қойып берген. Кейіпкер диспансерде өткізген 37 күн ішінде өзіне тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдаудан бас тартқанын айтады. Ол бұл препараттардың ағзада тәуелділік тудыратын немесе психотроптық зиянды заттар болуы мүмкін екендігінен күдіктенген.
"Дәрілерді ішкендей боп көріндім де, ішкен жоқпын. Бірақ олар мені ішті деп ойлады. Препараттардың барлығын толыққанды қабылдасам, мен бүйтіп жүрмейтін едім. Қазір жынды болып, тентек болып, күнде емханаға барып жүруші едім",— дейді Өмірбек.
Әріптестердің үнсіздігі және реніш
Өмірбек өзі админ болған "103 | Qazaqstan" тобындағы әріптестерінің әрекеті ой салады. Оның басына күн туып, өзі айтқандай 37 күн бойы психиатриялық ауруханаға заңсыз қамалып, ауыр диагноз арқалап жатқанда, топ мүшелерінің ешқайсысы оған қолдау көрсетпеген. Бұрынғы фельдшердің айтуынша, чат белсенді бола бастағанда Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі жедел жәрдем қызметкерлері билікке үндеу тастап, тіпті көбі өз мәселелерін шешіп те алған көрінеді.
"Әлеуметтік желіде әшейін репост жасап немесе пікір жазып: “Бұл негізі біздің дені сау әріптесіміз, біздің мәселемізді көтерді. Осы кісінің арқасында біздің де жалақымыз көтерілді ғой” деп, маған араша түскен бірде-бір әріптесімді көрген жоқпын", — дейді Өмірбек ренішін жасыра алмай.

Бұрынғы жедел жәрдем қызметкері өзіне қойылған диагноздың мүлдем жалған екенін, шынында оның психикалық тұрғыдан сау екенін тәуелсіз сараптама толықтай дәлелдегенін айтады. Сұхбат соңында ол сот пен құзырлы органдардың алдына нақты заңдық талаптар қойды:
"Түркістан қалалық сотының судьясы Бақтыбай Асқар мырзадан менің ісімді сот өндірісіне қабылдап, өзім ұсынған тәуелсіз сарапшының қорытындысын негізге ала отырып, маған заңсыз қойылған психикалық диагнозды күшін жойды деп тануды сұраймын. Сонымен қатар, мені диспансерлік есептен алып тастауды тиісті психиатриялық ұйымға міндеттеуді талап етемін. Бұл — бірінші талап. Екіншіден, менің бұзылған конституциялық және азаматтық құқықтарымның толық қалпына келтірілуін сұраймын. Сондай-ақ, мені еркімнен тыс заңсыз алып кеткен полиция және жедел жәрдем қызметкерлерінің, мекеме ішінде негізсіз қамауда ұстаған психиатриялық ұйым мамандарының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етемін. Қазіргі азаматтық сот осы істе қылмыстық құрамның болуына байланысты жекеше қаулы шығарып, Түркістан облыстық прокуратурасына жолдаса екен деймін", — деп сөзін аяқтады Өмірбек Мұхаммад.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Мұхаммад Өмірбек 2025 жылғы 5 желтоқсанда полицияның көмегімен облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізіліп, өзінің жазбаша келісімімен тексеруден және 48 сағаттық бақылаудан өткен. Кейін де жазбаша келісімі негізінде стационарлық ем қабылдауға келіскен.
2025 жылғы 18 желтоқсанда дәрігерлік комиссия тексеру жүргізіп, оған "F22.0 – Сандырақты бұзылыс" диагнозын қойған. Басқарманың мәліметінше, бұл диагноз комиссиялық тексеру нәтижесінде және халықаралық талаптарға сәйкес қойылған.
Жауапта сондай-ақ аталған диагнозбен стационарлық емдеу бірнеше аптадан 2–3 айға дейін созылуы мүмкін екені, науқастың ем барысында дәрі-дәрмек қабылдаудан бас тартпағаны көрсетілген.
“Ауруханада емделу кезінде пациент дәрі-дәрмектерді қабылдаудан бас тартқан жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан М. Өмірбектің арызы негізінде 2026 жылғы 4 наурыз бен 18 наурыз аралығында жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша "F22.0 Сандырақты бұзылыс" диагнозы заңды және негізді деп таныған”, – делінген хабарламады.
Фельдшерлердің мәселесін көтерген қазақстандық жындыханадан бір-ақ шыққанын айтты