Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық медициналық орталық елде тіркелмеген препараттар қолданған

медициналық орталық заңсыз препарат
Фото: Видеодан скрин

Ақтаудағы медициналық орталық қызметкерлері науқастарға Қазақстанда тіркелмеген препараттарды егіп келген. Тексеру барысында "сұлулық инъекциялары" деп аталатын препараттардың шамамен 250 қаптамасы тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоспардан тыс тексеру барысында заңсыз дәрілік препараттар, инфузиялық қызмет көрсетуге лицензияның жоқтығы және тағы басқа бірқатар заңбұзушылық анықталды. Тексеруге бұрынғы клиенттердің бірінің шағымы негіз болған.

Белгілі болғандай, медициналық мекемеде екі процедуралық кабинет жұмыс істеген. Оның бірі кәдімгі емшара кабинеті болса, екіншісі сұлулық салоны ретінде қызмет көрсеткен. Онда клиенттерге сұлулық индустриясында кең таралған тамшылатып құю процедуралары жасалған. Алайда мекеменің бұл қызмет түрін көрсетуге рұқсаты болмаған. Сонымен қатар қолданылған препараттар Қазақстанда тіркелмеген болып шықты.

Нәтижесінде медициналық ұйымға шамамен 800 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ оның қызметі уақытша тоқтатылды.

“Негізінде бұл кабинет сұлулық салоны ретінде жұмыс істеген. Департамент тарапынан айыппұл салынды. Ал сот айыппұлдан бөлек, тіркелмеген препараттарды тәркілеу және жою туралы шешім шығарды. Сонымен қатар медициналық ұйымның қызметін бір ай мерзімге тоқтату туралы қаулы қабылданды”, – дейді Маңғыстау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ерлан Төлепберген.

Бұған дейін "Қазақстан халқына" қоры Ресейден заңсыз дәрі-дәрмек алды деп айыпталып, сотта жеңіліп қалған еді. 

“Президент Тоқаевтың нұсқауымен қаңтар айында құрылған "Қазақстан халқына" қоры біздің азаматтарға Ресейден нарық бағасынан жоғары бағаға дәрі сатып алды. Бұл факті бойынша сот шешімі бүгін заңды күшіне еніп, қор апелляциялық соттан жеңілді”, – деп жазды қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 08:08