Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ірімшік жеймін деп қақалған қазақстандық клиникалық өлім бастан өткерді

ірімшікке қақалған клиникалық өлім
Фото: depositphotos.com

Солтүстік Қазақстан облысында 50 жастағы ер адам чечил ірімшігіне қақалып, асфиксия салдарынан клиникалық өлім жағдайында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Оқиға Қызылжар ауданының Бескөл ауылында болған. Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығына ер адамның тұншығып жатқаны туралы қоңырау түскен.  

"Жедел түрде Айдар Омаров, Павел Кузурман және жүргізуші Бақыт Валеевтен құралған фельдшерлік жедел медициналық жәрдем бригадасы жолға шықты. Бригада келген кезде науқас клиникалық өлім жағдайында болды, ЭКГ мониторында пульс болмаған", – деп хабарлады медицина мекемесі. 

Фельдшерлер ACLS стандарты бойынша реанимациялық іс-шаралар, жүрекке жанама массаж жасап, өкпені жасанды желдету аппаратын қосқан, көктамыр ішіне адреналин енгізген.

“Тікелей ларингоскопия кезінде фельдшерлер бөгде затты – чечил ірімшігін анықтап, алып шықты. Осыдан кейін науқастың ұйқы артерияларында пульс пайда болды. Бірақ тыныс алуы қалпына келмеді, есін жимады. Содан кейін медицина қызметкерлері реанимациядан кейінгі іс-шараларды жүргізді. Интубациялық түтік арқылы тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз етті. Өкпені жасанды желдетуді жалғастырды, сондай-ақ дәрілік заттарды енгізді. Ауруханаға тасымалдау кезінде науқас өздігінен тыныс ала бастады. Ес деңгейі "жеңіл есеңгіреу" күйінде ол Қызылжар аудандық ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ", – деп хабарлады облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы.

Медицина мекемесінің баспасөз қызметі ер адамды құтқарған мамандар туралы да егжей-тегжейлі айтып берді.

"Айдар Омаров – 2025 жылы Ақтау қаласында өткен жедел медициналық жәрдем бригадаларының республикалық чемпионатының жүлдегері. Ол жұмысындағы әріптестерімен білімін белсенді түрде бөліседі. Павел Кузурман бірнеше рет халықаралық BLS, ACLS, PALS, PHTLS, NRP стандарттары бойынша оқудан өтіп, трейсерлер түріндегі аттестаттаудан сәтті өтті. Бақыт Валеев жедел медициналық көмек көрсету кезеңінде науқастар мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге белсенді қатысады", – деп хабарлады орталық.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 08:23